Иран: АҚШ пен Израиль «Бушер» АЭС-іне қайта соққы жасады
Иран билігінің мәліметінше, АҚШ пен Израильдің шабуылы кезінде «Бушер» атом электр станциясының аумағына снаряд түскен. Алайда зардап шеккендер жоқ, станцияға да зиян келмеген.
Иран Атом энергиясы ұйымы (ИАЭҰ) 24 наурыз күні кешке мәлімдегендей, шабуыл барысында атылған снаряд «Бушер» АЭС аумағына түскен. Ұйым дерегінше, ешкім жарақат алмаған және станция нысандарына зақым келмеген.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде барлық тарапты ядролық апаттың алдын алу үшін сабыр сақтауға шақырды.
Иранның оңтүстік-батысында орналасқан «Бушер» АЭС бұған дейін де, 17 наурыз күні кешке, АҚШ пен Израиль шабуылына ұшыраған. Сол кезде де станция аумағына снаряд түскен, бірақ радиация таралуы немесе басқа да зақым тіркелмеген.
Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы 18 наурызда бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, оны «халықаралық қауіпсіздіктің негізгі қағидаларына ашық түрде немқұрайлы қарау» деп бағалаған. Компания басшысы Алексей Лихачевтің айтуынша, «Бушер» АЭС-інде әлі де шамамен 480 ресейлік маман жұмыс істеп жатыр.
Оның сөзінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы бері «Росатом» қызметкерлерді екі рет эвакуациялаған және қазір үшінші эвакуацияға дайындалуда.
«Бушер» атом электр станциясы – Ирандағы алғашқы АЭС. Оның құрылысы 1975 жылы Германияның Siemens компаниясының қатысуымен басталған.
Ислам революциясынан кейін құрылыс тоқтап, тек 1995 жылы «Росатомның» қатысуымен қайта жанданған. Бірінші энергоблок 2013 жылы іске қосылған, кейін бірнеше жылдан соң екінші энергоблоктың құрылысы басталған.
Соңғы жылдары станцияда техникалық ақаулар жиі тіркеліп, бұл Иранның кей өңірлерінде электр энергиясының үзілуіне себеп болған.