Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:51

Иран АҚШ пен Израиль соққыларынан кейін келіссөз жүргізуді сұрады — Трамп

Трамп
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израиль Иранның әскери және саяси инфрақұрылымына соққы жасағаннан кейін Иранның жаңа басшылығы келіссөз жүргізуді ұсынғанын мәлімдеді.  

Трамптың айтуынша, шабуылдар салдарынан Иранның жоғарғы рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер қаза тапқан.

— Олар келіссөз жүргізгісі келеді, мен бұған келістім, — деді Трамп The Atlantic журналына берген сұхбатында.

Ол сондай-ақ Иран мұндай қадамдарға бұған дейін де бара алар еді деп атап өтті. Трамп келіссөздердің нақты қашан басталатынын нақтылаған жоқ, бірақ алдыңғы талқылауларға қатысқан кейбір ирандық шенеуніктердің соққылар кезінде қаза тапқанын айтты.

— Бұл адамдардың көпшілігі қазірдің өзінде қаза тапты. Олар бұған дейін келісуі керек еді. Мәмілеге келе алар еді. Бірақ тым айлакерлік жасады, — деді Трамп.

Ол АҚШ әрекеттері қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықты қорғауға бағытталғанын айтты. Оның мәліметінше, операциялар барысында Иранның 48 көшбасшысы қаза тапқан, ал америкалық әскерилердің әрекеті «жоспардан озық» жүріп жатыр.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция қойылған міндеттер толық орындалғанға дейін жалғасатынын хабарлаған болатын.

Еске сала кетейік, ақпан айының соңында АҚШ Иран нысандарына қарсы «Эпикалық қаһар» операциясын жүргізді. Бұған жауап ретінде Иран Израильге және Таяу Шығыстағы америкалық әскери нысандарға соққы жасады. Дубай мен Абу-Дабиде жарылыстар болды. Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменеи қаза тапқаны белгілі болды — оның кешеніне 30 бомба тасталған. Иран дереккөздерінің мәліметінше, ел аумағындағы соққылар салдарынан 200-ден астам адам қаза тауып, 700-ден астамы жараланған. Шабуылдар Иранның 14 провинциясын қамтыды.