Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:48

Иран АҚШ-пен келіссөзге дейін екі шарт қойды

АҚШ пен Иран
Фото: ашық дереккөз

Тегеран мен Вашингтон арасындағы шиеленіс жаңа кезеңге өтті. Иран билігі дипломатиялық диалогты бастау үшін АҚШ-қа нақты талаптар қойып, бұл шарттар орындалмайынша келіссөз үстеліне отырмайтынын мәлімдеді.

 

Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибафтың айтуынша, Тегеранның Вашингтон алдына қойған екі басты шарты бар:

  1. Ливандағы атысты дереу тоқтату;

  2. Бұғатталған активтерді қайтару.

«Егер екінші тарап Иранның алдын ала қойған шарттарын толық қабылдаса ғана, келіссөздер басталады», — деп хабарлады Иранның мемлекеттік телеарнасы.

Екі ел арасындағы жағдай биылғы жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ-тың Иран аумағына жасаған шабуылынан кейін шегіне жеткен болатын. «Эпикалық қаһар» (Epic Rage) деп аталған бұл операция нәтижесінде Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапты. Сонымен қатар, әуе соққылары азаматтық нысандарға, соның ішінде Минаб қаласындағы мектепке тиіп, 150-ден астам баланың өмірін қиды.

Бұған жауап ретінде Тегеран Таяу Шығыстағы АҚШ базаларына шабуыл жасап, қақтығыс аймақтағы көршілес алты мемлекетті шарпыды.

Айта кетейік, 8 сәуірден бастап АҚШ Иранға соққы беруді екі аптаға тоқтатты. Президент Дональд Трамп тараптардың көптеген мәселелер бойынша мәмілеге келгенін алға тартты. Иран тарапының мәліметінше, АҚШ тіпті стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазын Тегеранның бақылауында қалдыруға келіскен.