Иран АҚШ шабуыл жасаса, америкалық базаларға соққы беретінін ескертті
Иран АҚШ тарапынан шабуыл жасалған жағдайда Парсы шығанағы аймағындағы америкалық әскери базаларға соққы беретінін мәлімдеді.
Бұл туралы Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи айтты.
«Егер Вашингтон бізге шабуыл жасаса, АҚШ аумағына соққы беру мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан біз өңірдегі америкалық базаларға шабуыл жасаймыз», — деді Аракчи.
Оның айтуынша, бұл көршілес елдерге қарсы бағытталған әрекет болмайды.
«Біз сол елдердің аумағында орналасқан, америкалықтар бар әскери базаларды ғана нысанаға аламыз», — деп нақтылады дипломат.
Сондай-ақ Аракчи Тегеранның АҚШ-пен зымыран бағдарламасы жөнінде келіссөз жүргізбейтінін атап өтті.
«Біз зымырандар мәселесі бойынша қазір де, болашақта да келіссөз жүргізбейміз, себебі бұл — қорғанысқа қатысты мәселе», — деді ол.
Министр бұған қоса байытылған уранды Ираннан тысқары шығаруды жоққа шығарды. Оның сөзінше, келіссөздердің екінші кезеңінің нақты күні әзірге белгіленбеген. Аракчи ирандық ядролық бағдарламаға қатысты мәселені тек диалог арқылы шешуге болатынын айтты.
Вашингтон мен Тегеран арасындағы ядролық тақырыптағы келіссөздер Оманда өткен. Тараптар диалогты жалғастыруға келіскенімен, алдымен өз астаналарында консультациялар өткізбек. Келіссөздерде Иран тарапынан Аббас Аракчи, ал АҚШ атынан арнайы өкіл Стивен Уиткофф қатысты.