Иран: АҚШ Таяу Шығыста тағы бір әскери ұшағынан айырылды
Иран армиясының мәліметінше, елдің әуе қорғаныс күштері Ормуз бұғазы маңында АҚШ-тың A-10 шабуылдаушы ұшағын атып түсірген. Ал The New York Times басылымының хабарлауынша, ұшқыш аман қалған.
Иран әскерилері 3 сәуір, жұма күні кешке АҚШ-тың A-10 шабуылдаушы ұшағы елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері тарапынан атып түсірілгенін мәлімдеді. Иранның мемлекеттік IRIB телерадиокорпорациясы келтірген армия мәлімдемесінде:
«АҚШ-тың A-10 ұшағы әуе қорғаныс күштері тарапынан атып түсіріліп, Парсы шығанағы суына құлады», – делінген.
Бұған дейін The New York Times екі америкалық шенеунікке сілтеме жасап, АҚШ Әскери-әуе күштеріне тиесілі A-10 Thunderbolt II ұшағы Парсы шығанағы аймағында апатқа ұшырағанын жазған. Басылым дерегінше, ұшақ Ормуз бұғазы маңында құлаған, ал ұшқыш аман қалған. Ұшақтың апатқа ұшырау себебі әзірге белгісіз.
Бұл ұшақ соңғы 24 сағат ішінде Таяу Шығыста жоғалған АҚШ-тың екінші әскери ұшағы болуы мүмкін. Бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы да елдің әуе қорғанысы АҚШ-тың жойғыш ұшағын атып түсіргенін хабарлаған. Алғашында Иран тарапы ұшақ F-35 екенін мәлімдегенімен, жарияланған сынықтардың суреттерін зерттеген сарапшылар оның шын мәнінде F-15E екенін анықтаған.
АҚШ әкімшілігі әскери ұшақтың жоғалғанын растады. Екі тарап та ұшқыштарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Америка БАҚ-тарының мәліметінше, екі адамнан тұратын экипаждың бір мүшесі құтқарылған, ал екінші ұшқыштың тағдыры әзірге белгісіз.
АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News арнасына телефон арқылы берген пікірінде бұл жағдай Иранмен келіссөздерге әсер етпейтінін айтты.
«Жоқ, мүлде әсер етпейді. Бұл – соғыс», – деді ол.
Трамп F-15E ұшағы экипажының екінші мүшесі тұтқынға түсті ме немесе жараланды ма деген сұраққа нақты жауап бермеді.
«Бұл туралы пікір айта алмаймын, өйткені біз ондай жағдай болмауына үміттенеміз», – деді АҚШ президенті.