Иран америкалық F-35 жойғыш ұшағына соққы жасалғанын мәлімдеді
Ирандық БАҚ Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) мәліметіне сүйене отырып, АҚШ-тың F-35 жойғыш ұшағы Иранның әуе қорғаныс жүйесі тарапынан зақымданғанын хабарлады.
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) өкілі Тим Хокинс ұшақтың шұғыл қону жасағанын растады.
"Ұшақ қауіпсіз қонды, ұшқыштың жағдайы тұрақты, - деп мәлімдеді ол. Бұл ақпаратты алғаш болып CNN телеарнасы екі дереккөзге сүйене отырып хабарлаған.
Хокинс ұшақтың Иран әуе кеңістігіндегі миссияны орындағаннан кейін қонғанын айтқанымен, нақты қандай себептен шұғыл қонуға мәжбүр болғанын нақтыламады.
Кувейттегі оқиға
Наурыз айының басында Кувейт аспанында бірнеше америкалық жойғыш ұшақ апатқа ұшыраған. АҚШ әскери күштері үш F-15E ұшағы елдің әуе қорғаныс жүйесі тарапынан қателікпен атып түсірілгенін мәлімдеді.
Барлық алты экипаж мүшесі катапультпен шығып, аман қалған. Олардың жағдайы тұрақты екені хабарланды.
CENTCOM бұл оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтып, қосымша ақпарат кейін жарияланатынын жеткізді.
Кейінірек The Washington Post басылымы дереккөздерге сүйене отырып, F-15E ұшағын Кувейт жойғыш ұшағы атып түсіруі мүмкін екенін жазды.