Иран әскері АҚШ-тың тағы бір ұшағы мен екі тікұшағын атып түсіргенін мәлімдеді
Иран Қарулы күштері құлаған жойғыш ұшақтың ұшқышын эвакуациялау кезінде АҚШ армиясына тиесілі тағы бір ұшақ пен екі тікұшақты атып түсіргенін хабарлады.
Бұл туралы елдің Орталық жедел қолбасшылығы мәлімдеді.
Иран тарапының айтуынша, әуе нысандары Исфахан қаласының оңтүстігінде «Black Hawk» үлгісіндегі екі тікұшақ және Lockheed C-130 Hercules типіндегі бір әскери-ұшағы атып түсірілген.
Ирандық ақпарат құралдары АҚШ-тың құтқару операциясын «сәтсіз» деп бағалады. Сонымен қатар, Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы дерегіне сүйенген мәліметтерде бұл операция барысында бес адамның қаза тапқаны айтылған. Алайда олардың кім екені нақтыланбаған.
Сонымен бірге, халықаралық дереккөздер бұл ақпаратты әзірге тәуелсіз түрде растаған жоқ. CNN мәліметінше, соғыс басталғалы бері АҚШ кемінде жеті ұшағынан айырылған.
Бұған дейін Иран әскері Исфахан маңында екі дрон – израильдік Hermes-900 және америкалық MQ-9-ды атып түсіргенін мәлімдеген. Сондай-ақ, Fars News Agency дерегінше, 4 сәуір кешінен бастап АҚШ Иранның бірнеше өңірінде іздестіру-құтқару операцияларын жүргізген.