Иран астананы көшіруді қайта қарастырып жатыр: басты себеп - су тапшылығы
Иранда астананы көшіру мәселесі қайта талқылана бастады.
Тегеранның шамадан тыс ұлғаюы, халық санының артуы және күрделі су дағдарысы қала инфрақұрылымын әлсіретіп отыр. Бұл туралы Iranintl.com сайты хабарлады.
«Иранда басқа таңдау қалмады» — президент Пезешкиан
Иран президенті Масуд Пезешкиан елдің қазіргі жағдайын ашық айтып, Иранда басқа таңдау қалмағанын алға тартты.
Тегеран бірнеше жыл бойы экологиялық проблемалар мен судың жетіспеушілігімен күресіп келеді. Кей аудандарда жер жыл сайын 30 сантиметрге дейін шөгіп, ауызсу қоры тез сарқылып жатыр. Бұл жағдай астана мәртебесін сақтауды барған сайын қиындатып отыр.
Астананы Макран аймағына көшіру идеясы қайта жанданды
Билік тағы да Тегеранды елдің оңтүстігіне — Оман шығанағына жақын орналасқан Макран аймағына көшіру идеясын қарап жатыр. Бұл өңірде стратегиялық маңызды Чабахар порты бар, оны Иран дамытқысы келеді.
Алайда жоспарды жүзеге асыру — өте қиын. Себебі:
Макран аймағының инфрақұрылымы әлсіз,
Жоба үшін өте үлкен қаржы керек,
Ел экономикалық дағдарыс пен көпжылдық санкцияларды бастан кешіріп жатыр.
Сондықтан астананы көшіру мәселесі ондаған жыл бойы талқыланып келе жатса да, әр жолы шығынның көптігі мен билік арасындағы келіспеушіліктерге байланысты тоқтап қалады.
Айта кетейік, жақында Иран астанасын көшіру тақырыбы «Медуза» подкастында кең көлемде талқыланған. Подкаст қонағы — эколог, халықаралық сарапшы Булат Есекин.
Оның айтуынша, жақын жылдары су тапшылығы әлемді қатты қысымға алады. Әсіресе, бұл қауіп Орталық Азияға — оның ішінде Қазақстанға — ерекше әсер етеді.