Иран әуе кеңістігін жабу мерзімін ұзартты

Тегеран мен Тель-Авив арасындағы қақтығыс күшейіп барады.
Иран билігі елдің әуе кеңістігін жабу туралы шешімін ұзартты. Иранның Азаматтық авиация ұйымының ресми өкілі Махди Рамазанидің хабарлауынша, әуе кеңістігі жергілікті уақыт бойынша жұма күні сағат 14:00-ге дейін жабық болады.
«Елдің әуе кеңістігі жұма күні сағат 14:00-ге дейін жабық деп жарияланады», - деді Рамазани.
Бұл шешім Иран мен Израиль арасындағы әскери қақтығыстың ушығуына байланысты қабылданған. 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған. Израиль тарапы Тегеранды жасырын ядролық бағдарлама жүргізіп отыр деп айыптап, атом нысандарына, әскери базаларға, әуе қорғаныс жүйелеріне және зымыран кешендеріне әуе соққылары мен диверсиялық рейдтер ұйымдастырғанын мәлімдеді.
Иран бірнеше рет өзінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта екенін атап өткен. Бұл позицияны Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси де растады. Ол 18 маусымда берген мәлімдемесінде Иранның ядролық қару жасап жатқанына нақты дәлел жоқ екенін айтты.
Сондай-ақ CNN арнасы АҚШ-тың барлау қызметіне сілтеме жасап, Иран ядролық қару жасауға нақты әрекет жасап жатқан жоқ деген мәлімет таратты.
Израильдің шабуылдарына жауап ретінде Иран зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) арқылы Израильдің бірқатар әскери нысандарына соққы жасағанын хабарлады. Қарсы шабуылдар кезінде екі тарапта да бейбіт тұрғындар көз жұмып, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандары бүлінгені айтылды.
Әуе кеңістігін жабу – Иран тарапының азаматтық және халықаралық әуе рейстерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылдаған шарасы. Мұндай қадам қақтығыс аймағындағы ұшақтарға төнетін қауіп-қатерді азайтуға бағытталған.
Қазіргі таңда халықаралық қауымдастық тараптарды сабыр сақтауға шақырып, шиеленісті дипломатиялық жолмен шешуге үндеп отыр.