Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Air Astana рейстерінің бағыттарын өзгертті
Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Иранның әуе кеңістігі жабылуына байланысты бірқатар тұрақты және чартерлік рейстердің бағыттары өзгертілгенін хабарлады.
Компанияның мәліметінше, Шарм-эль-Шейх, Дубай, Доха және Медина бағыттарындағы рейстер уақытша Иран аумағын айналып ұшады. Бұл өз кезегінде ұшу уақытының ұзаруына және рейстер кестесінің өзгеруіне әсер етуі мүмкін.
Әуе тасымалдаушысы жағдайды тұрақты түрде бақылап отырғанын атап өтіп, жолаушыларды рейстерінің мәртебесін алдын ала тексеруге шақырды. Ұшу және қону уақыты өзгеруі ықтимал. Нақты ақпарат алу үшін Air Astana-ның брондау және ақпарат орталығына, сондай-ақ компанияның ресми WhatsApp-арнасына жүгіну ұсынылады.
Иран әуе кеңістігінің уақытша жабылуы Өзбекстанға да әсер етті. Себебі Таяу Шығыс бағытындағы рейстердің едәуір бөлігі осы әуе дәлізі арқылы өтеді. Шектеулер аясында Ташкент, Самарқанд, Ферғана және Үргенішке бағыт алған бірнеше ұшақ ұшу әуежайына қайта оралуға немесе бағытын өзгертуге мәжбүр болған.
Uzbekistan Airports мәліметінше, қабылданған шаралар қысқа мерзімді болғанымен, олар рейстердің кешігуіне және кестеде іркілістерге алып келді. Бұл елдің әуе қатынасының аймақтағы ахуалға тәуелді екенін көрсетті.
Бұған дейін Иран билігі азаматтық авиация үшін әуе кеңістігін толық жапқанын және аймақтағы шиеленістің күшеюі мен АҚШ-тың шабуыл жасауы мүмкін аясында қауіпсіздік құрылымдарын жоғары дайындық режиміне көшіргенін хабарлаған еді.