Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:10

Иран әйелдеріне мотоцикл жүргізуге және жүргізуші куәлігін алуға рұқсат берілді

Иран
Фото: ашық дереккөз

Консервативті топтардың ұзаққа созылған қарсылығынан кейін Иран билігі белгілі бір жеңілдіктерге барды. Енді әйелдерге ресми түрде мотоцикл басқаруға және жүргізуші куәлігін алуға рұқсат етілді.

 Бұл туралы BILD басылымы хабарлады.

Аталған шешім туралы елдің вице-президенті Мохаммад-Реза Ареф мәлімдеген. 

Бұған дейін көптеген ирандық әйелдер, әсіресе көлік қозғалысы жиі тығынға тірелетін ірі қалаларда, мотоцикл мен скутерді жүргізуші куәлігінсіз пайдаланып келген. Әйелдердің мотоцикл жүргізуіне тікелей тыйым болмағанымен, нақты нормативтік-құқықтық база жоқ еді. Бұл жағдай билік органдары тарапынан ерікті әрі таңдамалы санкциялар қолдануға мүмкіндік беріп келді.

Жалпы, әйелдерге мотоцикл сатып алуға және тіркеуге рұқсат етілгенімен, оны басқару іс жүзінде заңсыз саналды. Бастама парламентте қызу пікірталас тудырған. Ультраконсервативті саясаткерлер мен діни қайраткерлер мотоцикл жүргізу ислам қағидаттарына қайшы келеді, сондай-ақ әйел киіміне қойылатын талаптарды сақтауға мүмкіндік бермейді деп қарсы шықты.

Кейбір сыншылар наразылық акциялары кезінде әйелдердің қозғалысы ширақ болып, оларды бақылау қиындайды деген қауіп те айтқан.

Айта кетейік, бұған дейін Иранда 46 жылдан кейін алғаш рет бір әйел симфониялық оркестрдің дирижері атанған еді. Сондай-ақ Ауғанстан билігінің университеттерде әйелдер жазған кітаптарға тыйым салғаны хабарланған.

1979 жылдан бері Иран аятолла Али Хаменеи басқаратын теократиялық мемлекет болып саналады. Елде әйелдер өмірі қатаң шектеулер аясында өтеді: міндетті хиджабтан бастап, жүріс-тұрысты бақылауға дейінгі талаптар қолданылады.