Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:54

Иран азаматтық ұшақтар үшін әуе кеңістігін жапты

Иран ереуіл
Фото: ашық дереккөз

Иран билігі елдің әуе кеңістігін азаматтық авиация үшін жапқанын мәлімдеді.

 Ерекшелік тек арнайы рұқсатпен орындалатын халықаралық рейстерге ғана қатысты. Бұл туралы BBC-дің орыс қызметі хабарлады.

Мәліметке сәйкес, Ислам революциясы сақшылар корпусының әуе-ғарыш күштері мен Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жоғары дайындық деңгейіне көшірілген.

Бұған дейін Иран билігі АҚШ тарапынан шабуыл жасалған жағдайда өңірдегі америкалық әскери базаларға соққы беретінін ескерткен еді.

Осы оқиға аясында Пентагон Катардағы Аль-Удейд әуе базасындағы қызметкерлер санын қысқартып жатыр. Бұл базада шамамен 10 мыңға жуық әскери қызметкер мен азаматтық маман орналасқан. BBC дерегінше, аталған базадан британдық әскери персоналдың бір бөлігі де шығарылуда.

Сонымен қатар Ұлыбритания Тегерандағы елшілігін уақытша жапты. Елші мен дипломатиялық миссияның барлық қызметкерлері Иран аумағынан эвакуацияланған.

Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, 28 желтоқсаннан бері Иранда биліктің репрессиясы салдарынан 2 400-ден астам үкіметке қарсы шеруге шыққан адам қаза тапқан. АҚШ-та орналасқан ирандық құқық қорғау ұйымы HRANA 2 403 наразылық білдірушінің, соның ішінде 12 баланың өлімі расталғанын хабарлады. Тәртіпсіздіктер кезінде кемінде 18 434 адам тұтқындалған.

Ал Amnesty International «Иранда бұрын-соңды болмаған ауқымда жаппай кісі өлтірулер жасалып жатыр» деп мәлімдеді. Ұйым бұл тұжырымын Ирандағы куәгерлердің сенімді айғақтары мен тексерілген бейнематериалдарға сүйеніп жасаған.

Еске салсақ, Иранда наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда бағаның күрт қымбаттауына қарсы басталып, кейін 1979 жылғы Ислам революциясынан бері билікте отырған клерикалдық режимге қарсы саяси сипат алды.

Иран билігі тәртіпсіздіктерді қоздыруға АҚШ пен Израильді айыптап отыр. Сонымен бірге, егер АҚШ президенті Доналд Трамп наразылық білдірушілерді қорғау үшін араласамын деген уәдесін іске асырса, америкалық әскери базаларға соққы жасалатынын ескертті.

Трамп бұған дейін бірнеше рет, егер Иран билігі наразылық білдірушілерге қарсы күш қолданса, АҚШ араласатынын айтқан. Ал осы аптада ол Иран билігі шеруге қатысқандарды өлім жазасына кесетін болса, «өте қатаң шаралар» қолданатынын мәлімдеді.