Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:00

Иран билігі наразылықтар кезінде 5 мың адамның қаза тапқанын мәлімдеді

Иран ереуіл
Фото: ашық дереккөз

Иран билігінің дерегінше, елде өткен жаппай наразылық акциялары кезінде кемінде 5 мың адам қаза тапқан.

Бұл туралы 18 қаңтар, жексенбі күні агенттікке аты-жөнін жарияламаған үкімет өкілі мәлімдегенін Reuters хабарлады.

Ресми өкілдің айтуынша, қаза болғандардың шамамен 500-і қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. Ал «бейкүнә ирандықтардың өліміне» билік өкілдері «террористер мен қарулы бүлікшілерді» кінәлап отыр.

Қақтығыстардың ошағы күрд аймақтары

Иранда жаппай наразылықтар желтоқсан айының соңында басталған. Билік өкілінің мәлімдеуінше, ең қанды қақтығыстар мен құрбандардың ең көп саны елдің солтүстік-батысындағы күрд аймақтарында тіркелген. Сондай-ақ ол демонстранттарды Израиль мен шетелдегі қарулы топтар қолдап, материалдық көмек көрсеткенін алға тартты.

Тегеранның ресми ұстанымына сәйкес, қаза тапқандардың түпкілікті саны бұдан әрі айтарлықтай өспейді. Иран басшылығы елдегі тәртіпсіздіктер үшін жауапкершілікті үнемі сыртқы қарсыластарға артып келеді.

Құқық қорғаушылар келтірген деректер басқа

Алайда құқық қорғау ұйымдары мүлде өзге мәліметтерді алға тартып отыр. АҚШ-та орналасқан HRANA ұйымының дерегінше, наразылықтар салдарынан 3308 адамның қаза тапқаны расталған, ал 4382 өлім фактісі әлі тексеріліп жатыр.

Сонымен қатар HRANA мәліметіне сәйкес, ел бойынша 24 мыңнан астам адам ұсталғаны расталған.

Ал Норвегияда орналасқан күрд-ирандық құқық қорғау ұйымы Hengaw да ең қатал қақтығыстардың күрд аймақтарында болғанын хабарлаған.

Ирандағы наразылықтар мен құрбандар санына қатысты ресми дерек пен тәуелсіз бағалаулар арасындағы айырмашылық елде интернеттің бұғатталуы мен ақпаратқа қолжетімділіктің шектелуі жағдайында әлі де анықталмай отыр.