Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:31, 25 Наурыз 2026

Иран бойынша бейбіт келіссөздер 26 наурызда басталуы мүмкін

Иран
Фото: Atta Kenare/AFP/Getty Images

АҚШ пен бірқатар делдал елдер — Пәкістан, Египет және Түркия Иранмен жоғары деңгейдегі бейбіт келіссөздерді осы бейсенбі, 26 наурызда өткізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Алайда тараптар әлі де Тегеранның жауабын күтіп отыр.

Келіссөздер өтетін ықтимал орын ретінде Пәкістан астанасы Исламабад қарастырылған.

Ақпаратқа сәйкес, Дональд Трамп соғысты тоқтатуға мүдделі. Алайда Иранның Ормуз бұғазы арқылы тасымалды шектеуі жағдайды күрделендіріп отыр.

АҚШ Израильге 15 тармақтан тұратын соғысты тоқтату жоспарын ұсынып, оны Иранға жеткізген. Вашингтон Тегеран бұл жоспардың көптеген тармақтарымен келіскенін айтады, бірақ оған нақты дәлелдер жоқ.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ келісімі Израиль мүддесіне сай келмеуі мүмкін деп алаңдайды. Израильдегі кейбір сарапшылар да Иранның шынайы түрде келісімге баруына күмәнмен қарайды.

Ұсынылған жоспардың негізгі тармақтарының бірі – Иранда уран байытуды толық тоқтату. АҚШ тарапы Иран уақытша тоқтатуға келісім бергенін айтады, бірақ бұл мерзімнің қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Сонымен қатар, Иран билігі келіссөздер басталғанын жоққа шығарған, бірақ АҚШ тарапынан ұсыныстар мен хабарламалар алғанын растаған.

АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Иранмен келіссөз арнасын құруға тырысуда. Алайда бұл арнаның тиімді болатыны әзірге белгісіз.

Соғыс қанша уақытқа созылады?

АҚШ және Израиль шенеуніктерінің бағалауынша, келіссөздер басталған күннің өзінде соғыс тағы 2-3 аптаға созылуы мүмкін.

Бұған дейін Дональд Трамп Иранмен келіссөздер «қазірдің өзінде жүріп жатыр» деп мәлімдеп, АҚШ бұл соғыста «жеңіске жетті» деген болатын.

Ал Шахбаз Шариф Исламабадтың АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге алаң ұсынуға дайын екенін айтты.

Иран өз кезегінде делдал елдерге Трамптың бұған дейін екі рет «алдағанын» айтып, енді тағы да сенімсіздік білдіріп отырғанын жеткізді.