Иран ЕО елдерінің армияларын террористік ұйым деп жариялады
Иран билігі Еуропалық одаққа мүше елдердің армияларын террористік ұйымдар деп таныды.
Бұл шешім ЕО-ның Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын (ИРСК) террористік ұйымдар тізіміне енгізуіне жауап ретінде қабылданды.
Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Ғалибаф 1 ақпан күні елдің 2019 жылы қабылданған заңы негізінде бұдан былай Бундесвер мен басқа да еуропалық елдердің қарулы күштері террористік топтар ретінде қарастырылатынын мәлімдеді.
«Еуроодақтың шешімінен кейін еуропалық елдердің армиялары террористік топтар болып есептеледі», – деп келтіреді Ғалибафтың сөзін ирандық SNA ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Еуропа бұл қадам арқылы «өз қожайыны – Америка Құрама Штаттарының көңілін табуға тырысып отыр».
Парламент отырысы кезінде депутаттар ИРСК формасын киіп, ұйымға қолдау білдірді. Кейбір саясаткерлер жұдырықтарын көтеріп, «Америкаға өлім!» және «Израильге өлім!» деген ұрандар айтты.
Брюссельдің шешімі
Өткен бейсенбіде Еуроодақ Ирандағы жаппай наразылықтарды күшпен басып-жаншығаны үшін Ислам революциясы сақшылар корпусын террористік ұйымдар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдаған болатын. Сарапшылар бұл қадамды негізінен символикалық деп бағалап отыр, себебі Иранға қарсы қатаң санкциялар бұған дейін-ақ енгізілген.
ИРСК-ны «қара тізімге» енгізу мәселесі ЕО елдерінде бірнеше жылдан бері талқыланып келген.
Айта кетейік, АҚШ бұрынғы президент Дональд Трамптың тұсында 2019 жылы ИРСК-ны террористік ұйым деп таныған алғашқы ел болды. Осыдан кейін Иран парламенті жауап шараларын қарастыратын заң қабылдап, болашақта осындай шектеулер енгізілсе, айна-қатесіз қарсы қадамдар жасалатынын бекіткен. Қазіргі шешім дәл осы заң аясында жүзеге асырылды.
Ислам революциясы сақшылар корпусы – Иранның элиталық әскери құрылымы. Ол соңғы онжылдықтарда тек әскери әлеуетін арттырып қана қоймай, қоғам мен экономикадағы ықпалын да күшейткен. ИРСК қонақүй желілерінен бастап әуе компанияларына дейінгі түрлі бизнес салаларында үлеске ие.