Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:37

Иран: ешбір ел бізді уранды байыту құқығынан айыра алмайды

иран
Фото: АР

Тегеран ядролық технологияларды бейбіт мақсатта дамыту құқығын сақтайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform жазды.

 Бұл мәлімдеме Женевада Оманның делдалдығымен өткен Иран мен АҚШ арасындағы жанама келіссөздердің екінші раундынан кейін жасалды.

"Ядролық өнеркәсіптің негізі – байыту процесі. Ядролық циклде не істегіңіз келсе де, сізге ядролық отын қажет. Иранның ядролық бағдарламасы Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуда және ешбір ел Иранды бұл технологияны бейбіт мақсатта пайдалану құқығынан айыра алмайды", - деді Эслами ирандық Etemad газетінде жарияланған бейнежазбада.

Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың ықтимал әскери әрекеттер туралы жаңа сигналдары аясында айтылды. Женевадағы келіссөздерден кейін ол Иранға соққы беру мүмкіндігін жоққа шығармайтынын тағы да мәлімдеп, келісімге қол жеткізілмеген жағдайда АҚШ өңірдегі әскери инфрақұрылымды, соның ішінде Үнді мұхитындағы Диего-Гарсия базасын пайдалануға дайын екенін атап өтті.

Вашингтон Тегераннан «нөлдік байыту» талабын дәйекті түрде қойып келеді. Сондай-ақ келіссөздер күн тәртібіне Иранның зымыран бағдарламасы мен аймақтағы қарулы топтарға қолдау көрсету мәселесін енгізуді талап етуде. Бұл талаптарды кеңейтуге Израильдің белсенді түрде ықпал етіп отырғаны хабарланды.

Дипломатия аясында АҚШ Иранға әскери қысымын күшейтіп жатыр. Бұған дейін Парсы шығанағына USS Abraham Lincoln бастаған авианосецтік топ жіберілген, сондай-ақ жақын уақытта USS Gerald R. Ford авианосеці де келуі мүмкін екені жарияланған.

Сонымен қатар бейсенбі күні Иран мен Ресейдің әскери-теңіз күштері Оман шығанағы мен Үнді мұхитының солтүстік бөлігінде бірлескен жаттығу өткізіп жатыр. Жаттығуларға Қытай қарулы күштерінің де қосылуы да болжанған.