Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:50

Иран ешқашан агрессия жолын таңдамаған – Пезешкиян америкалықтарға үндеу жасады

Масуд Пезешкиан
Фото: ашық дереккөз

Иран президенті Масуд Пезешкиян америкалықтарға ашық хат жолдап, оларды «жасанды ақпараттан тыс ойлануға» шақырды. Сонымен қатар, ол Вашингтон саясатының шынымен «Алдымен Америка» қағидасына сай келетініне күмән келтірді.

Сондай-ақ ол АҚШ «соңғы америкалық сарбаз қалғанша» соғысуға дайын бола отырып, «Израильдің прокси күшіне» айналып отырған жоқ па деген сауал тастады. Бұл хат 1 сәуір кешінде Иранның Press TV мемлекеттік телеарнасының сайтында жарияланған.

Пезешкиянның айтуынша, Иран «агрессия, экспансия немесе үстемдік жолын таңдамаған» және тек өзін қорғау шеңберінде әрекет етіп отыр. Оның сөзінше, Иранды қауіп ретінде көрсету – «саяси және экономикалық мүдделердің нәтижесі». Сондай-ақ ол иран халқы басқа елдердің тұрғындарына, соның ішінде америкалықтарға да жаулық көзқараста емес екенін атап өтті.

Хатта президент шиеленістің ушығуына жауапкершілікті АҚШ пен Израильге жүктеп, соңғы соққыларды «агрессия» және бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған «әскери қылмыс» деп атады.

Пезешкиян сонымен бірге бұл соғыстың америкалықтар үшін қаншалықты пайдалы екеніне күмән келтіріп: «Бұл соғыс АҚШ халқының нақты қай мүддесіне қызмет етеді?» – деп сұрақ қойды. Оның айтуынша, әлем қазір қарама-қайшылық пен өзара ықпалдастықтың «торабында» тұр, ал бұл таңдау болашақ ұрпақтың тағдырын айқындайды.

Ирантанушы Никита Смагин The Insider басылымына берген сұхбатында Ирандағы соғыс пен бейбітшілікке қатысты шешімдер бір адамның қолында емес екенін айтты. Оның сөзінше, бұл шешімдерді ұжымдық әскери-саяси блок қабылдайды, онда Ислам революциясы сақшылар корпусы негізгі рөл атқарады, ал түрлі әскери құрылымдар едәуір автономияға ие.

Смагиннің пікірінше, президент Масуд Пезешкиян салыстырмалы түрде байсалды саясаткер болғанымен, нақты ықпалы шектеулі және көбіне символдық рөл атқарады. Ал жоғарғы көшбасшының ұлы Моджтаба Хаменеи туралы сенімді ақпарат аз.

Тегтер: