Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:28

Иран Хайфадағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасады

базан
Фото: Ariel Schalit/AP/dpa/picture alliance

Иран Израильдің солтүстігіндегі Хайфа қаласында орналасқан Bazan мұнай өңдеу зауытына соққы жасағанын хабарлады.

Бұл туралы ирандық SNN телеарнасы мәлімдеді.

Axios басылымының журналисі Барак Равид X әлеуметтік желісінде зауытқа ракета тигенін жазды. Израильдік БАҚ пен куәгерлердің айтуынша, зауыт аумағында өрт шығып, қалада электр қуатының үзілуі байқалған.

Ал Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) нысандағы зақымдану ирандық баллистикалық зымыранды әуеде жою кезінде оның сынықтарының құлауынан болғанын мәлімдеді. Израильдің энергетика министрі Эли Коэн зауытқа айтарлықтай зиян келмегенін айтты.

Bazan зауыты 

Bazan мұнай өңдеу зауыты отын, полиолефиндер және ароматикалық заттар өндіреді. Кәсіпорынның тәуліктік өндірістік қуаты шамамен 197 мың баррель мұнай немесе жылына 9,8 млн тоннаға жуық өнімді құрайды.

Шабуылдан кейін компания акциялары шамамен 8 пайызға төмендеген.

Зауыт Bazan Group компаниясына тиесілі. Оның бақылаушы акциялар пакеті 2023 жылға дейін Израиль үкіметі 1968 жылы құрған Israel Corporation холдингінде болған.

Энергетикалық инфрақұрылымға соққылар

Бұған дейін Израиль Ирандағы әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орны — Оңтүстік Парсқа соққы жасаған. Бұл кен орны Парсы шығанағында орналасқан және Иран мен Катар арасында бөлінген: ирандық бөлігі — Оңтүстік Парс, катарлық бөлігі — Солтүстік кен орны деп аталады.

Кен орнындағы қор көлемі шамамен 51 трлн текше метр газ және 50 млрд баррель конденсат деп бағаланады. 2025 жылы мұнда тәуліктік өндіру көлемі рекордтық 730 млн текше метрге жеткен.