Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:10

Iran Human Rights: Ирандағы наразылықтарда кемінде 648 адам қаза тапты

Иран ереуіл
Фото: ашық дереккөз

Норвегияда орналасқан Iran Human Rights (IHR) құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Иранда билік тарапынан наразылықтарды күшпен басу салдарынан кемінде 648 адам қаза тапқан.

Құрбандардың арасында тоғыз кәмелетке толмаған бала бар.   

Сонымен қатар, құқық қорғаушылар кейбір тәуелсіз бағалаулар бойынша қаза тапқандардың нақты саны 6000 адамнан да асып кетуі мүмкін екенін айтады. Алайда бұл мәліметтерді дәл растау қиын, себебі Иранда шамамен 100 сағаттан бері интернет толықтай бұғатталған.

IHR бағалауынша, наразылықтар басталғалы бері ел бойынша шамамен 10 мың адам ұсталған.

Мемлекеттік қарсы митингілер

Иранның мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, 12 қаңтар күні Тегеранда мыңдаған адам билікті қолдайтын қарсы митингілерге шыққан. Мемлекеттік телеарналар астана орталығындағы алаңдарға жиналған адамдарды көрсетті – олар Иран Ислам Республикасының туларын көтеріп тұрған. Осындай митингілер елдің өзге қалаларында да өткен.

Соңғы күндері мемлекеттік ақпарат құралдары қауіпсіздік күштерінің де ондаған қызметкері қаза тапқанын хабарлаған.

Құрбандар саны жөніндегі айырмашылықтар

 11 қаңтарда, Iran Human Rights наразылықтар кезінде кемінде 192 адам қаза тапқанын мәлімдеген еді. Ал АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау желісі сол күні құрбандар санын 538 адам деп бағалаған.

8 қаңтардан бері Ираннан келетін ақпарат күрт азайған. Билік интернетті толық бұғаттағандықтан, жағдайды бақылау өте қиын. Deutsche Welle журналисі Нилуфар Голамидің хабарлауынша, елден мәлімет алу тек Starlink спутниктік байланысы арқылы ғана мүмкін болып отыр.

Оның айтуынша, 11 қаңтарда Иран билігі алғаш рет патрульдік дрондарды қолданған. Бұл дрондар әуеден бақылау арқылы наразылыққа қатысушылардың жеке басын анықтауға мүмкіндік береді.

Голамидің дерегінше, күштік құрылымдардың әрекеті барған сайын қатал сипат алып барады.

«Тіпті ауруханалардың өзі қауіпсіз орын емес. Жараланғандарды қауіпсіздік күштері алып кету қаупі жоғары. Көп жағдайда қаза тапқандардың мәйіттері туыстарына қайтарылмай жатыр», - дейді журналист.

Наразылықтардың басталуы

Ирандағы жаппай наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталған. Алғашында олар экономикалық жағдайға қарсы шыққан акциялар болса, кейін саяси сипат алды. Тегеран мен елдің басқа да ірі қалаларында мыңдаған адам көшеге шығып, Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы – аятолла Али Хаменеиге қарсы ұрандар айтты. Наразылар қазан-табақ соғып, «Хаменеиге өлім» деп айқайлаған, ал жүргізушілер қолдау ретінде көліктерінің сигналын басқан.

Қатаң ескерту

10 қаңтар күні Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИИРСК) наразылықтарды күшпен басуға дайын екенін мәлімдеді.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, қазіргі жағдай Ирандағы соңғы жылдардағы ең ауыр адам құқықтары дағдарыстарының біріне айналып отыр.