Иран Иерусалимге зымыранмен шабуыл жасады
22 наурыз күні таңертең Иерусалимде бірқатар жарылыс болды. Бұл Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иран тарапынан жаңа зымыран шабуылы болуы мүмкін деген ескертуінен кейін орын алған.
Израильдің «Маген Давид Адом» (MDA) құтқару қызметінің мәліметінше, әзірге қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ.
Израиль әскері елдің орталық бөлігінде зымыран түскен орындарға гуманитарлық қызметкерлер жіберілгенін хабарлады. Жергілікті БАҚ Тель-Авив маңындағы Холон қаласында жолдың аздап зақымданғанын көрсетті.
«Хезболла» шабуылы: бір адам қаза тапты
Осы уақытта Ливан аумағынан әрекет ететін Хезболла қозғалысы Израильдің солтүстігіне зымыранмен соққы беруді жалғастырды.
Екі автокөлікке зымыран тиіп, өрт шыққан. Соның салдарынан бір адам қаза тапты. Бұл – 2 наурыздан бері «Хезболла» шабуылдары басталғалы Израильдегі алғашқы адам шығыны.
Ұйым бұл шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, нысана Израиль әскері болғанын мәлімдеді.
175 адам жараланды
Бұған дейін Иран Израильдің оңтүстігіндегі Димона мен Арад қалаларына баллистикалық зымырандармен соққы жасаған.
Беэр-Шева қаласындағы «Сорока» медициналық орталығының мәліметінше, шабуылдардан кейін 175 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың ішінде кемінде бір бала бар, 10 адамның жағдайы ауыр.
Зымырандар тұрғын аудандарға түскен. Қорғаныс жүйелері іске қосылғанымен, кейбір зымырандарды қағып түсіре алмаған.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпаннан бері Иран аумағына әуе соққыларын жасап келеді. Бұл шабуылдар кезінде Иранның жоғары лауазымды тұлғалары, соның ішінде жоғарғы көшбасшы Али Хаменеи қаза тапқаны хабарланған.
Жауап ретінде Иран Парсы шығанағындағы елдерге, америкалық әскери базаларға, мұнай қоймалары мен танкерлерге зымыран және дрон арқылы соққы беріп жатыр.
Сонымен қатар, бұл қақтығыстың салдары Әзербайжан мен Еуроодақта уақытша төрағалық етіп отырған Кипрге де әсер еткен.