Иран-Израиль қақтығысы: халықаралық құқық не дейді?

Израиль ядролық қауіптен қауіптеніп, Иранға алдын ала соққы жасағанын және оны өзін-өзі қорғау шарасы деп атады. Алайда халықаралық құқық саласындағы сарапшылар бұл шабуылдың заңдылығын әртүрлі бағалайды.
Иран мен Израиль арасындағы жалғасып жатқан қақтығыс тек әскери ғана емес, маңызды құқықтық аспектісімен де ерекшеленеді. Израильдің Иранға алғаш болып жасаған шабуылының заңдылығы туралы сұрақ үлкен пікірталастар тудырып отыр.
Бір тарап Израильді басқа елге шабуыл жасап, халықаралық құқықты бұзды деп санайды және оны шекара асып, жазасыз соққы жасайтын «оқшауланған мемлекет» деп атайды. Екінші тарап, Иран тарапынан ядролық қару жасауға жақын деген қауіптен туындаған экзистенциялық қатерге назар аударады.
Израильдің жоғары лауазымды саясаткерлері 13 маусым күні елінің Ирандағы ядролық нысандарға жасаған шабуылын “алдын алу соққысы” деп атады. Олар мұны өзін-өзі қорғау шарасы деп түсіндіреді, себебі Иран тарапынан болашақта ядролық шабуыл жасалуы мүмкін деген қауіп болғанын алға тартады.
Висбадендегі EBS университетінің халықаралық құқық жөніндегі профессоры Маттиас Гольдман DW басылымына берген сұхбатында: «Көптеген халықаралық құқық мамандары Израильдің бұл әрекетін «тыйым салынған алдын ала соққы» ретінде қарастырады», - дейді.
Ол БҰҰ Жарғысының 51-бабында әрбір мемлекеттің өзін-өзі қорғауға толық құқығы бар екенін еске салады. Алайда бұл құқық тек шұғыл, өзге жолмен алдын алуға болмайтын шабуыл қаупі төнген жағдайда ғана іске қосылады. “Бұл талаптарды қолдансақ, Иран тарапынан шұғыл қауіп болған жоқ деген қорытындыға келеміз”, - дейді ол.
Гольдман Израиль Иран тарапынан ядролық соққы жасау қаупінің нақты және жақын екеніне ешқандай дәлел ұсынбағанын атап өтеді.
Иран мен Израиль арасында бұрыннан бері қатерлі мәлімдемелер айтылып келе жатқанымен, сарапшылардың пікірінше, Иран осы айдың соңында Израильге ядролық соққы беруге дайын болмаған. CNN агенттігі АҚШ барлау қызметіндегі төрт дереккөзге сілтеме жасай отырып, Иранға атом бомбасын жасау үшін тағы үш жыл қажет болатынын хабарлады.
Маттиас Гольдман: “Ядролық қаруға ие болу фактісі өзі шабуыл қаупінің дәлелі бола алмайды”, - дейді. Ол “қырғи-қабақ соғысты” мысалға келтіреді: екі тарапта да ядролық қару болды, бірақ өзара кепілдендірілген жою қағидасы бойынша олар оны қолдануға бармады.
Израильдің өзі де ядролық қаруға ие деген болжам бар. Алайда бұл ресми түрде ешқашан расталған емес, Израиль БҰҰ-ның ядролық қаруды таратпау туралы келісіміне қосылмаған және өз ядролық нысандарына халықаралық инспекторларды кіргізбейді.
Just Security сайтында жарияланған мақаласында израильдік құқық профессорлары Амихай Коэн мен Юваль Шани шабуылды өзін-өзі қорғау ретінде бағалауға келіспегенімен, оны ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан жанжалдың бір бөлігі ретінде қарастыру керек дейді. “Бұл шабуылдың құқықтық бағасын өзгертеді, себебі ол басқа контексте жасалған”, - дейді олар.
Өз кезегінде, АҚШ-тың Вест-Пойнт әскери академиясының Articles of War сайтында жарияланған пікірінде профессор Майкл Шмитт ирандық ядролық қауіптің маңыздылығын ескере отырып, алдын ала өзін-өзі қорғау ұғымын кеңірек түсіндіруге болатынын айтады.
Алайда Шмитт бұл — күрделі жағдай екенін мойындайды. Себебі күш қолданудан басқа да жолдар болған. Ал өзін-өзі қорғау құқығы үшін тағы бір шарт — қауіптің бейбіт жолмен шешілу мүмкіндігінің қалмауы. Шмитт атап өткендей, шабуыл жасалған сәтте АҚШ пен Иран арасында ядролық келіссөздер әлі де жалғасып жатқан.
Ал құқық мамандарының көпшілігі Израильдің шабуылын заңсыз деп тануының тағы бір себебін британдық Рединг университетінің халықаралық құқық профессоры Марко Миланович келтіреді. Оның пікірінше, халықаралық құқық күштi қолдануға шектеу қоюы керек. “Бұл — соғыс ашуға құмар елдер үшін сылтау болатын заң емес, керісінше күш қолдану қажеттілігін барынша азайту үшін жасалған тетік”, - дейді ол DW басылымына берген сұхбатында.
“Соғыс басталғаннан кейін бәрі рұқсат етіледі деген сөз емес”, — дейді халықаралық құқық профессоры Том Данненбаум (Тафтс университетінің Флетчер құқық және дипломатия мектебі). Оның айтуынша, “соғыс кезінде екі тарапқа да бірдей қолданылатын нақты құқықтық база бар”.
Данненбаум DW басылымына берген сұхбатында: “Тараптар бейбіт тұрғындарға немесе азаматтық нысандарға шабуыл жасай алмайды”, - дейді. Оның айтуынша, нысан тек егер өзінің табиғаты, мақсаты, орналасуы немесе қолданылуымен әскери әрекеттерге нақты үлес қосса ғана әскери нысан деп танылады.
Осы тұрғыда Израильдің ирандық ядролық ғалымдардың үйлеріне жасаған шабуылдарына қатысты сұрақтар туындайды. Кейбір заңгерлердің пікірінше, ядролық қару бағдарламасында жұмыс істеу адамды автоматты түрде соғысушы тарапқа жатқызбайды.
Сонымен қатар Иранның шабуылдары кезінде Тель-Авив маңындағы бейбіт тұрғындар қаза тапты. Данненбаум: “Әскери нысандарға шабуыл жасалғанда тараптар азаматтық халыққа келетін зиянды барынша азайту үшін барлық сақтық шараларын қабылдауы тиіс. Егер бұл зиян күтілетін әскери артықшылықтан асып түссе, шабуылдан мүлде бас тарту керек”, - деп түсіндіреді.