Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:57, 16 Сәуір 2024

Иран-Израиль қақтығысы: қазақстандық бітімгерлерге қауіп бар ма?

Иран-Израиль

Таяу Шығыста жағдай ушығып барады. Бәріміз білетіндей, былтыр 7 қазанда ХАМАС ұйымы Израиль аумағына тұтқиылдан шабуыл жасап, содан бері өңірде соғыс өрті өршіп тұр. ХАМАС-ты жермен жексен етеміз деп белсенген ресми Тель-Авив Газа секторына шабуыл ашты. Салдарынан ХАМАС содырлары ғана емес, қарапайым халық та мыңдап қырылып жатыр.

Әлем өңірдегі осы қақтығысты тоқтата алмай отырғанда Иран мен Израиль арасында қақтығыс бұрқ ете қалды. Екі ел арасында бұрыннан келе жатқан шиеленіс бар екені рас. Иран тіпті Израильді жеке мемлекет ретінде мойындағысы да келмейді. Ал Тель-Авив Тегеранды террористерге қолдау көрсетеді деп айыптайды. Сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасынан да үлкен қауіп көріп, оны тоқтатуға күш салып келеді.

Ел арасындағы жағдай бұрыннан мәз емес екенін айттық. Дегенмен бұған дейін бір-бірінің территориясына тікелей ашық форматтағы әскери соққы жасаған емес. Бірақ бұл жолы жағдай сәл басқа болып тұр. Иран қазірдің өзінде Израильге соққы жасап жатыр. The New York Times хабарлағандай, Иран 13 сәуірдің кешінде Израильге қарсы жүздеген аса дрон, қанатты зымыран және баллистикалық ракета ұшырған. Бірақ оның көбі діттеген жеріне жете қойған жоқ, дрондардың басым көпшілігін АҚШ және Ұлыбритания ұшақтары қағып түсірген.

Екі ел арасындағы шиеленісті жаңа деңгейге көтерген қақтығысқа сәуірдің басында Израильдің Дамаскідегі Иран консулдығына соққы жасағаны себеп болған сияқты. Ол шабуылдан Ислам революциясы сақшылар корпусының жеті өкілі қаза болған. Оларды жерлеу рәсімінде Иран тарабы қарсы шабуылға өтетінін жариялаған. Бірақ Тегеран бұған дейін Тель-Авивке тиісуге себеп таппай жүрген. Былтыр қазанда Иран билігі «Газа секторын атқылау тоқтамаса, соғысқа араласатынын» мәлімдеген еді.

Ислам революциясы сақшылар корпусы Иранның Сириядағы консулдығының атқылануына жауап ретінде Израиль аумағына дрон және ракета ұшырғанын растады. Израиль қорғаныс күштері (IDF) де Иранның өздеріне қарсы шабуыл жасағанын растады. IDF әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі мен қарулы күштер жоғары дайындық режиміне көшкенін хабарлады.

Қазақстан Таяу Шығысты тыныштыққа шақырды

Өңірдегі жағдай ушығып тұрған сәтте әлем елдері тараптарды татулыққа шақырып жатыр. Көп ел аймақтағы ахуалға жіті назар аударып отыр. Тіпті АҚШ президенті Джо Байден Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты сенбі күні демалысын үзіп, Вашингтонға оралды деген ақпарат бар.

Қазақстан билігі Таяу Шығыста тұтанған тағы бір соғыс өртін өшіру керек деп мәлімдеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі қос тарапты мәселені саяси-дипломатиялық жолмен шешуге шақырды.

«Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің күрт нашарлауына байланысты алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барлық келіспеушілікті тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін ұстамдылық пен кідіріссіз шаралар қабылдауға шақырады.

Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайтынын тағы да атап өтеді», – деді деп жазды ҚР СІМ.

Сарапшылар Қазақстан әлемдік орнықтылық пен тұрақтылықты сақтауға үлкен үлес қосып келе жатқанын айтады. Елімізде өңірлік татулықты ту еткен форумдар, дін аралық алауыздықтан сақтайтын съездер жиі өтіп тұрады. Осының бәрі Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде қолынан келгенше қызмет атқарып жатқанын көрсетеді.

Бұл туралы ҚР парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жақында Женевада өткен Парламентаралық одақтың 148-ассамблеясының кезекті отырысында айтты. Ол Қазақстан ядролық, химиялық және биологиялық қаруға қарсы бастама көтергенін еске салды.

«Мемлекет басшысының жетекшілігімен Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Оған, әсіресе кейінгі жылдары елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар айқын дәлел. Қазіргі кезде демократиялық ел, әділетті Қазақстан құру үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – бейбітшілік пен өркендеудің кепілі. Қазақстан парламенті бұл жұмысқа белсене атсалысып жатыр. Бұдан бөлек, еліміздің ядролық, химиялық және биологиялық қаруға қарсы бастамаларын, тұрақты түрде өткізіліп келетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін ерекше атап өтуге болады», – деді Қошанов.

25 наурызда өткен әлемдік деңгейдегі мәжіліс спикері Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету ісіне бүкіл әлем парламенттерінің қатысуы маңызды екенін атап өтті. Ол Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру бағытындағы жоспарлары туралы айтты. Сондай-ақ Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы мен «TechnoWomen Central Asia» қоғамдастығының гендерлік жұмысына жеке тоқталды.

«Депутаттар халықаралық жанжалдардың алдын алу және оларды реттеу үшін парламенттік дипломатия тетіктерін қолдану маңызды екенін құптайды. Жақында біз парламентте Қазақстанның бітімгершілік контингентін жіберу жөніндегі шешімді мақұлдадық. Бұл – Біріккен ұлттар ұйымының мандаты бойынша біздің бітімгерлеріміздің алғашқы дербес миссиясы. Бұл Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосқан үлесі деп білеміз», – деді Ерлан Қошанов.

Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымына мүше болған сәттен бастап жер бетіндегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтау ісіне белсене атсалысып келеді. Еліміздің ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаны әлемдік аренада алқауға бөленген елеулі оқиға болды. Содан бері әлем елдері Қазақстанға өңірдегі бейбітшілікке үлес қосқан мемлекет ретінде қарап келеді.

Иран мен Израиль қақтығысы Таяу Шығыстағы ахуалды бұрынғыдан да күрделі ете түсті. Оған дейін адамзатты соғыс өтіне тұншыққан Палестинадағы халықтың мүшкіл жағдайы алаңдатса, сол қатарға енді Тегеран – Тель-Авив текетіресі қосылып отыр. Бүкіл әлем Таяу Шығыстың тыныштығына бас қатырады. Сол қатарда Қазақстан да өңірдегі күрделі ахуалдың күрмеуі шешілсе деп үміттеніп отыр.

Биыл Қазақстан Голан жоталарына бітімгер әскери қосын жіберген. Иран мен Израиль арасында қақтығыс туған соң ел арасында сол сарбаздарымызға қауіп төнбей ме деген сұрақ туындады. Бірақ ҚР Қорғаныс министрлігі Голан жоталарында жүрген қазақстандық әскерилерге еш қауіп жоқ деп сендіріп отыр.

«Голан жоталарында БҰҰ бітімгерлік миссиясын орындап жатқан қазақстандық контингент қалыпты режимде жұмысты жалғастырып жатыр. Жеке құрамның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ», – деді қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин отандық БАҚ-қа берген жауабында.

Қуан Өмірхан

Тегтер: