Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Иран-Израиль қақтығысы, мұнай бағасы және Қазақстан

Иран-Израиль қақтығысы
Фото: ЖИ

Израильдің Иранға әуеден жасаған соққысынан кейін Brent маркалы мұнайдың құны күрт шарықтап шыға келді. Фьючерстік келісімдер бойынша қара алтынның құны бір күнде 13 пайызға өсіп, 78 доллардан асып кетті. Бұл – соңғы екі айдағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Негізінде, Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің әлемдік экономикаға әсер ететінін, соның ішінде мұнай нарығына ықпалы көп болатынын бұған дейін әлемдік ең ірі қаржы орталығының бірі JPMorgan Chase&Co сарапшылары ескерткен. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, алдағы уақытта мұнай бағасы 130 доллардан асуы әбден мүмкін. Reuters ағылшын ақпараттық агенттігі де бұл әскери жанжалдың мұнай нарығына әсері мол дейді. Себебі Иран Израильге жауап қайтару шаралары аясында мұнай тасымалдау жолында әлем үшін маңызды қақпа саналатын Ормуз бұғазын жабуға әрекеттенуі ғажап емес. Ормуз бұғазының жабылуы жаһандық экономикаға елеулі соққы береді. Бұл жайында Ирактың сыртқы істер министрі Фуат Хусейн аталмыш бұғаз жабылса мұнай бағасы тіпті 200-300 долларға дейін қымбаттауы ықтимал екенін айтты. Ол Германия парламентінің мүшесі Йоханн Вадефульмен телефон арқылы сөйлесу барысында Ормуз бұғазының жабылуы Парсы шығанағы мен Ирактан тәулігіне шамамен бес миллион баррель мұнайдың экспортталмай қалуына әкелуі мүмкін екенін айтты. Ал Иран тарапы болса өзіне жасалған Израильдің әскери соққыларынан кейін Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігін жоққа шығармады.

Жалпы, Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың 20 пайызы және сұйытылған табиғи газдың 30 пайызы тасымалданады. Аталмыш бұғаз Иранның стратегиялық және транзиттік маңызы зор аумағы есептеледі. Саясаттанушылар Ормуз бұғазын Иран билігінің өзгелерге «қыр көрсететін көзірі» деп те атайды. Аталмыш бұғаз Халықаралық теңіз құқықтары және БҰҰ-ның 1982 жылы қабылданған теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы бойынша халықаралық су жолы ретінде танылған. Бұғаз – Парсы шығанағындағы елдердің жүк тасымалын ашық теңізге шығаратын жалғыз су жолы. Халықаралық сарапшылар егер Иран билігі Ормуз бұғазын жа­уып тастайтын болса, АҚШ-тың оған қарсы күш қолдануы әбден мүмкін дегенді айтады. Оған өткен ғасырдың 1980–1988 жылдары аралығындағы Иран мен Ирак соғысы нақты мысал. Жеті-сегіз жылға созылған сол соғысқа байланысты Ормуз бұғазында кемелер мен танкерлердің еркін жүзуіне қауіп төнген. Осыны алға тартқан АҚШ-тың әскери-теңіз күштері Парсы шығанағында өз әскерін орналастырып алды. Ал Иран тарапы АҚШ-тың Ормуз бұғазына құқығы жоқтығын мәлімдеумен келеді.

Осылайша бүгінде отын-энергетика көздері мен мұнай-газ қорлары экономикалық саясаттан гөрі халықаралық саясатқа айналып барады. Қазір Иранның Ормуз бұғазына байланысты мәлімдемесі біраз мемлекеттерді алаңдатып отырған жайы бар. Ал мұндай геосаяси жағдайдың Қазақстанға әсері бар ма?!

Мұнайдың қымбаттауы Қазақстанға тек пайда ғана әкелмейді

Экономист-сарапшы Руслан Сұлтанов мұндай геосаяси дағдарыс кезінде Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мұнай бағасына емес, институционалдық реформаларға дайындық деңгейіне байланысты деп тұжырымдайды. Салық саясаты, логистика, энергетика, адами капитал бағытындағы шұғыл және нақты қадамдар қажет. Сарапшы қақтығыс одан әрі ушығып, Ормуз бұғазы жабылып қалса, бұл ең жағымсыз сценарий болатынын айтады. Өйткені бұл жермен әлемдік мұнайдың 20 пайызы тасымалданып қана қоймайды. Сонымен қатар Парсы шығанағынан шығатын экспорттың 88–90 пайызы осы бұғаз арқылы өтеді. Бұғаздың жабылуы бағаның күрт өсуіне ғана емес, логистикалық дағдарысқа, тапшылыққа да себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл геосаяси жағдайдың Қазақстанға тікелей әсері болмаса да жанама әсері болады.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің пайымдауынша, мұнай бағасы енді тек нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа ғана емес, мемлекетаралық саяси текетірестерге де тәуелді бола бастады.

«Десек те, Қазақстан үшін осы сәтті ұтымды пайдалануға болады. Мұнай бағасының өсуі – бір жағынан экспорттың түсімін арттырады. Теңгені нығайтып, Ұлттық қорға қосымша қаражаттың түсуіне ықпал етеді. Дегенмен мұнай бағасы үнемі тоқтаусыз өсе бермейді. Себебі АҚШ-тың өзі қазір қара алтын бағасын түсіруге мүдделі. Жалпы, Ормуз бұғазы арқылы мұнайды және тауарды негізгі экспорттаушылар: Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, БАӘ, Катар, Иран. Халықаралық құқық нормалары негізінде алып қарағанда, Иран Парсы шығанағына апаратын жалғыз су жолын жауып тастауға құқығы жоқ сияқты. Дегенмен соғыс, қақтығыс кезінде ондай жағдайды күтуге болады. Геосаясаттың тұрақсыздығы кез келген сәтте нарықтың бағытын өзгерте салады. Қазір Таяу Шығыстағы геосаяси дағдарысқа байланысты инвесторлар сенімді активтерге қайта көше бастады. Соның салдарынан алтын бағасы бір күнде 46,5 долларға (1,37%-ға) өсіп, мұнай бағасы да шарықтап жатыр. Енді осы мұнай бағасының өсуі қысқамерзімде болса бұл жағдай Қазақстанға оң әсер етеді. Бюджетке сәл оңайырақ болады. Себебі жылдық жоспар бойынша үкімет мұнай бағасы 60 доллар болады деп жоспар құрған. Сондықтан қымбат мұнай кезінде бюджеттің түсімін арттырып алуға болады. Ал енді бұл жағдай ұзақ мерзімге созылса онда ол бүкіл әлемге кері әсер етеді. Әлемдік тұрғыда инфляцияның өсуіне ықпал етеді. Инфляцияның өсуі басқа елдердің экономикасына да, Қазақстан экономикасына да теріс әсер ететіні даусыз. Сондықтан нақ қазір «мұнай қымбаттап жатыр, бұдан ұтамыз» деп қуануға ерте. Бұл жағдайдың арты қалай болатыны енді бір екі-үш аптада белгілі болады», – дейді саясаттанушы.

Мұнайдың қымбат кезінде де экономиканы жаңғырта алмадық

Ал экономистер қазір мұнай бағасы өсіп жатқанмен, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда баға 15,4 пайызға дейін төмен екенін айтады. Сондықтан мұнайдың қазіргі 75–80 долларға көтерілуі бюджетке аста-төк пайда әкеле қоймайды. Экономика ғылымының докторы, академик Оразәлі Сәбденнің сөзіне сүйенсек, бұл жағдайдан Қазақстан аса бір ұта қоймайды.

«2024 жылы нақ осы кезеңде мұнай бағасы 80 доллар болған. Соның өзінде былтыр жыл соңында бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені құрады. Сондықтан қазіргідей мұнайдың бағасы уақытша көтерілгенде «Қазақстан үкіметі осы жағдайды сәтті пайдалана қояды» дегенге сену қиын. Біз қымбат мұнай кезінде де экономиканы жаңғырта алмадық. Негізінде, соғыстың, қақтығыстың ешқандай елге пайдасы жоқ. Мұны Ресей мен Украина арасынан да байқап отырмыз. Қазір әлем үлкен құбылыс алдында тұр. Ертең қандай заман болатынын дөп басып болжау қиын. Әрине, мұнайдың бағасының өскендігі жақсы. Бірақ ұзақ мерзімге мұнай бағасы өсе қоймайды. Бұл – уақытша құбылыс. Ал осы уақытша құбылыстан үкімет ұтамыз десе, қымбат мұнай сатып, оның үстінен көрген пайданы Ұлттық қорға жиып алу керек. Бюджетті мұнай бағасы 60 доллар болғанға дейінгі сценариймен есептеді ғой. Сол 60 доллардан түскен түсімді жобаларды орындауға, бюджеттің шығындарын жабуға жұмсау керек те, ал қалған артығын Ұлттық қорға аударып отыру керек деп есептеймін. Бұл мәселені депутаттар парламентте көтеруі керек. Үкіметке арнайы тапсырмалар берілуі тиіс. Едел-жедел шешімдер қабылданып, осы сәтті пайдаланған жөн. Геосаяси ахуал құбылып тұрған жағдайда үкімет және үкімет мүшелері әлдеқандай жағдайға дайын болуы керек. Қиын заман болғанда қарапайым халықты қинамай алып шығу жолдарын қарастырған жөн. Бұл – бір.

Екінші, мұнай бізге мәңгі азық болмайды. Осыны біздің айта-айта жағымыз талды. Қазір үкіметтің «экономиканы әртараптандырамыз» деген сөзінің қадірі кетті. Қазір бюджет ортайып, Ұлттық қор азайып, теңгенің құны төмендеп, экономика құлдырай бастаса бітті үкімет пен Ұлттық банк «геосаяси жағдайға байланысты жағдай осылай болып жатыр» деп ақталады. Экономикасы мұнайға байланған елдің көрген күні –осы. Иран мен Израиль қақтығысы қысқамерзімде тәмамдалмаса, күзге қарай әлемдік экономикалық жағдай тіптен қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан қазірден қордағы қаражатты үнемдеп жұмсап, бюджеттік шығындарды қысқартып, тиімді жобаларды ғана қаржыландырып, шағын бизнестің өсуіне жағдай жасалмаса онда тағы да үкімет пен Ұлттық банкке геосаясатты желеу етіп, ақталуына тура келеді», – дейді экономист.

Ал мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов болса бұл мәселенің өте нәзік дүние екенін, сондықтан нақ қазір болжам айтудың қиындығын айтады. Сарапшының ойынша, әлі бір екі-үш апта бақылап, әліптің артын бағу керек. Әзірге қандай да бір тұжырым жасауға ерте. Десе де, үкіметке белгілі бір шараларды атқарып, жобалардың жүзеге асуын қатаң бақылап, қазынаға түсетін кіріс пен шығысқа ұқыпты болған жөн.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ