Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:25

Иран Израиль мен АҚШ базаларына баллистикалық зымырандармен соққы жасағанын мәлімдеді

Зымыран
Фото: sova.news

Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) Израильге және аймақтағы АҚШ әскери базаларына қарсы «Шынайы уәде — 4» операциясының 48-кезеңін жүргізгенін хабарлады.

Шабуыл барысында баллистикалық зымырандар қолданылған.

Иран тарапы бұл соққыларды қақтығыс басталғалы бергі ең қуатты шабуылдардың бірі деп атады.

Иран мемлекеттік телеарнасы таратқан ИРСК мәлімдемесінде былай делінген:

— «Шынайы уәде — 4» операциясының 48-кезеңі барысында біз қатты отынды Kheibar Shekan және сұйық отынды Qadr класына жататын баллистикалық зымырандарды қолданып, Израильдің солтүстік аймақтарын және Таяу Шығыстағы бірнеше АҚШ базасына шабуылдадық», — делінген хабарламада.

Алайда әскери ведомство нақты қай АҚШ әскери нысандары шабуылға ұшырағанын ашып айтпады.

Айта кетейік, 28 ақпанда Израиль Тегеранға «алдын ала соққы» жасағанын мәлімдеген еді. Бұдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды әскери операция басталғанын жариялады.

Соған жауап ретінде Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы қарсы операция жүргізіп, Израиль аумағындағы және өңірдегі АҚШ әскери базаларына соққы бергенін мәлімдеді.

Иран тарапының айтуынша, соққыға ұшыраған америкалық әскери нысандар Бахрейн, Иордания, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы аумақтарында орналасқан.