Иран Израильге жаңадан шабуыл жасап, атысты тоқтату туралы келісімді бұзды

24 маусым күні таңертең Израиль армиясы (ЦАХАЛ) Иранның атысты тоқтату режимін бұзып, зымыранмен шабуыл жасағанын хабарлады. Тегеран бұл айыптауды жоққа шығарып отыр.
Израиль мен Иран арасындағы әскери шиеленіс жаңа деңгейге көтерілді. Израильдің қорғаныс армиясы — ЦАХАЛ өкілдері Иран тарапынан зымыранмен шабуыл жасалғанын хабарлады. Шабуыл атысты толық тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен кейін тіркелген. Елдің солтүстігінде әуе шабуылы туралы дабылдар қосылып, кейбір аймақтарда жарылыстар естілген.
Израильдік басылымдардың жазуынша, ЦАХАЛ кем дегенде бір баллистикалық зымыранды әуеде атып түсірген. Әскерилердің айтуынша, ел жоғары жауынгерлік дайындық режимінде қала береді. Қорғаныс министрі Кац армияға Иран шабуылына "қатаң жауап қайтаруды" бұйырған.
Тегерандағы ресми тұлғалар Израиль тарапынан айтылған шабуыл туралы мәліметті жоққа шығарды. Иранның мемлекеттік телеарнасы мен ақпарат агенттіктері бұл ақпаратты негізсіз деп атады. Сонымен қатар, Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесі Reuters агенттігіне берген мәлімдемесінде атысты тоқтату шешімі Израильдің жеңілісін мойындауынан туғанын айтып, Иранның әскері кез келген жаңа агрессияға "қатал жауап беруге дайын" екенін жеткізді.
24 маусымға қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың "толық тоқтатылатынын" мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл процесс кезең-кезеңімен жүзеге асады:
- Иран 24 маусымда таңғы 6:00-де шабуылдарын тоқтатуы тиіс
- Израиль 12 сағаттан кейін жауап шабуылдарын доғарады
- Ал 24 сағат өткен соң, соғыс "ресми түрде аяқталады"
АҚШ президенті бұл келісімді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың мақұлдағанын және Израиль әскері Иранның ядролық және зымырандық әлеуетіне "шешуші соққы бергенін" мәлімдегенін айтты.
Алайда Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Арагчи Трамптың мәлімдемесін жоққа шығарып, Иранның Израильге тек ол өз шабуылдарын тоқтатқан жағдайда ғана атыс жүргізуді тоқтататынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеран "соғысты тоқтату туралы түпкілікті шешімді" кейінірек қабылдайды.
24 маусымға дейін бірнеше сағат бұрын Иран әскері Катардағы "Әл-Удейд" АҚШ әскери базасына зымыран атқылаған. Пентагон бұл шабуылды "әлсіз жауап" деп сипаттады. Бұған дейін, 22 маусымда, АҚШ Иран аумағындағы үш ядролық нысанға соққы жасады.