Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:32

Иран Израильге және АҚШ-тың әскери базаларына жауап соққы жасайтынын мәлімдеді

Иран ереуіл
Фото: Mobina / MEI / SIPA / Scanpix / LETA

АҚШ тарапынан Иранға қарсы әскери соққы жасалған жағдайда, Тегеран Израильді, АҚШ-тың әскери базаларын және халықаралық кеме қатынасына соққы жасайтынын мәлімдеді.

Бұл туралы Иран парламентінің спикері Мұхаммад Бағыр  АҚШ президенті Дональд Трамптың ирандық наразылықтарды қолдаған мәлімдемесінен кейін айтты.

Иран билігі АҚШ-тың Ирандағы жаппай наразылық қозғалысын қолдау мақсатында әскери шабуылға баруы мүмкін деген қауіпке жауап ретінде Израиль мен АҚШ-қа қарсы қарымта соққылар жасайтынын ескертті. 

Иранның бұл мәлімдемесінен кейін Израиль жоғары дайындық режиміне көшкенін The Times of Israel хабарлады.

Трамп ирандық наразылық білдірушілерді қолдады

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп екі аптадан бері жалғасып келе жатқан Ирандағы жаппай наразылықтарға қатысушыларды қолдайтынын мәлімдеген. Ол Truth Social әлеуметтік желісінде:

«Иран еркіндікті көріп отыр, мүмкін бұрын-соңды болмаған деңгейде. АҚШ көмектесуге дайын!!!» - деп жазды.

Алайда Вашингтон тарапынан нақты қандай қадамдар жасалатыны туралы мәлімет берілген жоқ.

БАҚ: АҚШ Иранға соққы беру нұсқаларын талқылауда

Осы тұста The New York Times басылымы америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап, соңғы күндері Дональд Трампқа Иранға әскери соққы берудің жаңа нұсқалары ұсынылғанын жазды. Басылым мәліметінше, Трамп наразылықтарды күшпен басқаны үшін Иранға шабуыл жасау мүмкіндігін байыппен қарастырып отыр.

Ал The Wall Street Journal газеті АҚШ билігінде Иранға ықтимал соққы жасау тетіктері бойынша алдын ала келіссөздер өткенін хабарлады. Атап айтқанда, Иранның бірнеше әскери нысанына кең ауқымды әуе соққысы жасау мүмкіндігі талқыланған.

Ирандағы наразылықтар екі аптадан бері басылар емес

Ирандағы жаппай наразылықтар 2025 жылдың 28 желтоқсанында басталды. Сол күні Тегеранда дүкен иелері экономикалық жағдайдың нашарлауына наразылық білдіріп, сауда орындарын жапқан. Кейінірек бұл акциялар елдің өзге ірі қалаларына тарады.

30 желтоқсанда наразылық білдірушілер мен полиция арасында алғашқы қақтығыстар тіркеліп, күш құрылымдары көзден жас ағызатын газ қолданғаны хабарланды. Көп ұзамай шерулер саяси сипат алып, кейбір қатысушылар Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменейге қатысты болуы мүмкін «Диктаторға өлім!» деген ұрандар айқайлаған. Наразылар биліктің ауысуын және 1979 жылы тақтан тайдырылған шахтың ұлы Реза Пехлевидің билікке келуін талап етуде.

dpa агенттігінің жазуынша, интернеттің дерлік толық өшірілуіне қарамастан, наразылық акциялары ел бойынша 185 қалада өткен. АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау желісінің деректеріне сәйкес, қаза тапқандар саны 116 адамға жетіп, 2600-ден астам адам ұсталған.

2 қаңтарда Дональд Трамп Иран күш құрылымдары бейбіт наразылық білдірушілерге оқ ататын болса, АҚШ араласуы мүмкін екенін ескерткен. Соңғы күндері тәртіпсіздіктер туралы хабарлар жиілеген. Тегеран мэрі Әлиреза Закани 9 қаңтарға қараған түні болған наразылықтар кезінде 50-ден астам банк пен бірнеше мемлекеттік мекеме өртеліп, 30-дан аса мешіт жойылғанын мәлімдеді.