Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс өршіп тұр: Тегеран «ракеталық қалаларын» ашық көрсете бастады

Кейінгі аптада Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал күрт шиеленісіп кетті. АҚШ Иран шекарасына жақын аймақтарға стелс-технологиямен жабдықталған ауыр бомбалаушы ұшақтарын орналастырып, Иранға жанама қысым жасауды күшейтті.
Ал Тегеран бұл әрекетке жауап ретінде «ракеталық қалаларының» бірін көпшілікке таныстырды. Бұл – Иранның әскери әлеуеті мен қарсы соққы жасауға дайын екенін көрсетуге бағытталған қадам.
«Ракеталық қалалар» дегеніміз не?
Иран Корпусының (КСИР) қолбасшылығы «ракеталық қалалар» деп аталатын жерасты кешендерін жылдар бойы құпия ұстаған. Бұл – стратегиялық маңызы бар, терең тау жыныстарының астына салынған, бір-бірімен жалғасқан туннельдер жүйесі. Онда баллистикалық және қанатты зымырандар, дрондар, ПВО жүйелері сақталып, ұрысқа әзірлік жұмыстары жүргізіледі.
Кейбір ракеталық қалаларда зымыран өндірісі де қатар жүреді. Яғни бұл тек қоймалар емес, толыққанды әскери инфрақұрылым. Иран бұл объектілерді агрессия болған жағдайда жауап ретінде пайдаланатынын ашық мәлімдеді.
Уақытты неге дәл қазір таңдады?
Иранның «ракеталық қалаларды» дәл қазір жария етіп, ішкі түсірілімдерді таратуы бірнеше факторға байланысты:
-
АҚШ-тың әскери қысымына жауап: Соңғы апталарда АҚШ өзінің әскери әуе күштерін Иранға жақын аймақтарға шоғырландырды. Бұл – Иранға тікелей соққы жасалуы мүмкін дегенді білдіреді. Тегеран бұған жауап ретінде өз мүмкіндіктерін көрсету арқылы қарсыласын ұстап тұруға тырысуда.
-
Израильмен қарым-қатынас: Иран мен Израиль арасындағы жасырын соғыс белең алуда. 2024 жылдың сәуіріндегі шабуылда Иран Израильге «Эмад» баллистикалық зымыранын жібергенімен, Израиль тарабы олардың 99 пайызын тосқауылдай алды. Бұл Иран үшін әскери беделге соққы болды. Сол себепті Тегеран жаңа мүмкіндіктерін қайта көрсетуді жөн көріп отыр.
-
Ядролық келіссөздердегі тұйықтық: АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздер тоқырауға ұшырады. Президент Трамп Тегеран келісімге келмесе, экономикалық және әскери қысымның күшейетінін ескертті. Бұл жағдайда Иран әскери мүмкіндігін дипломатиялық құрал ретінде пайдаланып отыр.
Иранның айтуынша, олардың ракеталары 2000 шақырымға дейінгі нысаналарды ата алады. Бұл көрсеткіш Диего-Гарсия аралындағы америкалық әскери базаны да қамтиды. Иран алғаш рет осы базаны атқылай алатынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме Вашингтон мен Лондон үшін өте күрделі белгі.
Сонымен қатар, Иран өзінің «Шахед-136B» дрондарының 4000 км ұша алатынын айтты, алайда бұл ақпарат тәуелсіз түрде расталмаған.
АҚШ жағы болса, Иран тарапынан өз әскери күштеріне қауіп төнсе, шешуші жауап беретінін мәлімдеді. Қазірдің өзінде Диего-Гарсияда B-2 стратегиялық бомбалаушылары орналастырылған.