Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:23, 14 Маусым 2025

Иран мен Израиль арасындағы қақтығыста екі тараптан да адам шығыны тіркелді

1
Фото: Jack Guez/AFP

Израильде Иранның зымыран шабуылдары салдарынан кемінде екі адам қаза тапты, 19 адам жарақат алды. Бұл туралы Израильдің ұлттық жедел жәрдем қызметі Маген Давид Адом хабарлады. Шабуыл Тель-Авив маңындағы жағалау аймағындағы тұрғын үйлерге бағытталған.

The Jerusalem Post дерегінше, 14 маусым таңында ауыр жараланған әйел қайтыс болып, құрбандар саны үшке жетті. Жалпы шабуылдар нәтижесінде 150-ден астам адам түрлі жарақат алған.

БҰҰ-дағы Иран өкілі Израильдің әуе шабуылдарынан 78 адам қаза тауып, 320-дан астам азаматтың жараланғанын мәлімдеді. Израиль тарапынан Тегеран мен Натанздағы ядролық орталықтарды қоса алғанда, бірнеше маңызды әскери нысан атқыланған.

Иран жоғарғы бас қолбасшысы аятолла Әли Хаменеи бұл әрекетті «соғыс жариялау» деп бағалап,  салдары ауыр болатынын ескертті. Президент Масуд Пезешкиан Тегеран Израильге бұл шабуылы үшін жауап беретінін айтты.

Шабуылдар мен жауаптар:

  • Израиль Иранға қарсы зымыран және дрон шабуылдарын жалғастыруда.

  • Иран Израильге 100-ден астам дрон мен 200-ге жуық баллистикалық зымыран жіберген. Бірқатары Тель-Авив пен маңайындағы аудандарға жетіп, бірнеше ғимаратқа зақым келтірген.

  • Израиль армиясы (ЦАХАЛ) зымырандардың көп бөлігін тосқауылдап, елдің қорғаныс жүйесі жоғары деңгейде әрекет еткенін мәлімдеді.


БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар тараптарды сабырға шақырып, қақтығысты тоқтатуға үндеді. Алайда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әскери операция «бірнеше күнге жалғасуы мүмкін» екенін мәлімдеді.

Бұл шабуылдар Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуын көрсетіп отыр. Екі тараптың да әскери және саяси басшыларының мәлімдемелері шиеленістің жуық арада аяқталмайтынын аңғартады.

Тегтер: