Иран мен Израиль арасындағы қанды қақтығыстан 638 адам қаза тапты

Таяу Шығыстағы Иран мен Израиль арасындағы 12 күнге созылған қақтығыс ауыр зардаптарға алып келді.
Екі елдің ресми деректеріне сүйенсек, қарулы текетірестен 638 адам қаза тапқан. Иранның Денсаулық сақтау министрлігі 13 маусымнан бері 610 адамның көз жұмғанын, тағы 4746 азаматтың түрлі жарақат алғанын мәлімдеді. Олардың ішінде ауыр халде жатқандары да бар. Бұл соңғы жылдардағы ең ауқымды адам шығынына әкелген қақтығыстардың бірі болды. Иран тарапы бұл соққылардың ел инфрақұрылымына және бейбіт тұрғындарға айтарлықтай зиян келтіргенін мәлімдеуде.
Times of Israel басылымының жазуынша, бұл мәліметті Ирандағы адам құқығы ахуалы туралы жазатын Human Rights Activists ұйымы жариялаған. Құқық қорғаушылар бұл мәліметті Иранда жарияланған деректерді сараптай отырып жинақтаған. Өздерінің дереккөздері арқылы да тексерген. Олар қаза болғандардың үштен екісінің аты-жөнін анықтай алған: 263 бейбіт тұрғын және 154 әскери құрылым өкілі.
Ислам Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Хосейн Керманпурдың хабарлауынша, зардап шеккендердің 90 пайыздан астамы бейбіт тұрғындар, соның ішінде әйелдер мен балалар екен.
Израиль билігі Иран жариялаған бұл мәліметке ресми жауап берген жоқ. Дегенмен бұған дейін Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху әскери операцияның аяқталғанын және көзделген барлық әскери мақсаттардың орындалғанын айтқан еді.
Израиль тарапының ақпарына қарағанда, Иран бұл кезеңде 500-ден астам баллистикалық зымыран мен мыңдаған дрон жіберген. Шабуылдар салдарынан Израильде 28 адам қаза тауып, ондаған инфрақұрылымдық нысан мен жүздеген тұрғын үй бүлінген. Кейбір үйлер мүлде жарамсыз күйге түскен.

Қазір қос елде де қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен Иранда соғыс аяқталысымен іле-шала ішкі қудалау науқаны басталған. Ресми дерекке сәйкес, Израильдің тыңшысы деген күдікпен 700-ден астам адам қамауға алынып, олардың үшеуіне өлім жазасы кесілген. Тергеу органдарының мәліметінше, бұл адамдар Моссадпен байланыста болған, контрабандалық жолмен елге қару-жарақ пен арнайы құралдар жеткізген. Сол диверсиялық әрекеттердің салдарынан Иранда бірнеше белгілі тұлғалар көз жұмған.