Иран мен Ресей 25 млрд долларлық жаңа АЭС құрылысы бойынша келісімге келді

Иран мен Ресей билігі Иранның оңтүстігінде ірі атом энергетикасы жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды.
Бұл туралы Иран Атом энергиясы ұйымы хабарлады.
Келісімге сәйкес, Хормозган провинциясындағы Сирик порты маңында 500 гектар аумақта қуаты әрқайсысы шамамен 1255 мегаватт болатын төрт ядролық энергетикалық блок салынады. Жалпы қуаттылығы 5020 мегаватт болмақ. Бұл нысандар атом энергетикасының үшінші буын технологиясына негізделмек.
Құжат Иранның Iran Hormoz компаниясы мен Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Росатом нерджи Проджектс» арасында жасалды. AFP агенттігінің хабарлауынша, келісім құны 25 миллиард долларды құрайды.
Айта кетерлігі, келісім БҰҰ-ның Иранға қарсы санкциялары қайта күшіне енуі мүмкін мерзім аяқталуына бір-ақ күн қалғанда жасалды. Бұл жобаға халықаралық саяси тұрғыдан қосымша мән беріп отыр.
Иран Атом энергиясы ұйымының дерегінше, алаң таңдау жұмыстары аяқталған, сондай-ақ инженерлік және экологиялық зерттеулер жүргізіліп біткен. Ал «Росатом» әзірге келісім бойынша түсініктеме берген жоқ.