Иран наразылық кезінде қаза тапқан шамамен 3 мың адамның есімін жариялады
Иран билігі жаппай наразылықтар барысында қаза тапқандардың алғашқы есімдер тізімін жариялады.
Масуд Пезешкиян әкімшілігі 1 ақпан, жексенбі күні таратқан құжатта 2985 адам туралы мәлімет бар. Ал ресми дерек бойынша, қаза тапқандардың жалпы саны 3117 адам.
Әкімшілік мәлімдемесіне сәйкес, құжатта 2986 есім көрсетілгенімен, кестедегі кейбір бағандардың атауларға арналуына байланысты нақты тізімде 2985 адамның дерегі берілген. Есімдер саны мен жалпы құрбандар арасындағы 131 адамдық айырмашылық әзірге бұл адамдардың жеке басы анықталмағанымен түсіндірілді. Олардың есімдері кейінірек жарияланбақ.
Айта кетейік, наразылық акциялары 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Тегеранда басталды. Алғашқы кезеңде олар экономикалық себептермен өршіген. Алайда көп ұзамай саяси сипат алып, бүкіл ел аумағына тарады. Билік наразылықты қатаң күшпен басуға тырысты.
Мемлекеттік органдар, шетелдік БАҚ және куәгерлердің мәліметіне қарағанда, 8 және 9 қаңтар күндері ең қанды кезең болған. Time журналының жазуынша, дәл осы екі күннің ішінде 30 мыңға дейін адам қаза тапқан болуы мүмкін. Басылым бұл ақпаратты Иранның денсаулық сақтау министрлігіндегі жоғары лауазымды дереккөздерге сүйеніп жариялаған.
Наразылық кезінде қолданылған күштің нақты ауқымы мен құрбандардың саны әлі күнге дейін белгісіз. Куәгерлер мен құқық қорғау ұйымдары Иранның қауіпсіздік күштері елдің әр өңірінде наразылық білдірушілерге оқ атқанын хабарлайды. Алайда интернет пен телефон байланысының өшірілуі, сондай-ақ ақпарат таратуға қойылған қатаң мемлекеттік бақылау деректерді тәуелсіз түрде тексеруді қиындатып отыр.
Jas Alash Youtube арнасына сұхбат берген ирантанушы Жәнібек Көпжасар құрбан болғандар саны 42 500 болуы мүмкін екенін де айтты.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 23 қаңтар күні наразылық кезінде қаза тапқандардың жалпы саны 3117 адам екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың ішінде 2427 адам – бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік қызметінің өкілдері. Қалған құрбандарды министр «террористер» деп атады.
Ал тәуелсіз құқық қорғау ұйымдары бұдан өзгеше деректер келтіруде. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency (HRANA) агенттігінің хабарлауынша, 31 қаңтардағы жағдай бойынша 6713 өлім фактісі расталған, ал тағы 17 091 жағдай бойынша ақпаратты тексеру жалғасып жатыр.