Иран Ормуз бұғазын «толық бақылауда ұстап отырғанын» мәлімдеді
Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) әлемдік мұнай мен газ тасымалындағы маңызды теңіз жолы саналатын Ормуз бұғазы толықтай Иран әскери-теңіз күштерінің бақылауында екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ИРСК өкілінің сөзіне сүйенген Иранның Fars ақпарат агенттігі хабарлады.
Әскери-теңіз күштерінің өкілі Мұхаммад Акбарзаденің айтуынша, бұғаз арқылы өтпек болған кез келген кеме ирандық зымырандар немесе дрондардың нысанасына айналуы мүмкін.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Парсы шығанағындағы маңызды теңіз бағыты арқылы өтетін мұнай танкерлерін АҚШ әскери-теңіз күштері күзетуге дайын екенін мәлімдеді. Ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында қажет болған жағдайда америкалық әскери кемелер танкерлерді Ормуз бұғазы арқылы сүйемелдеп өтетінін жазды.
Сонымен қатар Трамп АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясына (DFC) Парсы шығанағындағы коммерциялық кемелерді сақтандыру және кепілдік беру мәселесін қамтамасыз етуді тапсырғанын айтты. Бұл шешім теңіз саудасын, соның ішінде мұнай танкерлерін қорғау мақсатында қабылданған.
Осы арада АҚШ әскери күштері соғыс басталғалы бері Иранның 17 әскери кемесі жойылғанын хабарлады. Оның ішінде бір суасты қайығы да бар. Сонымен қатар ел аумағындағы екі мыңға жуық нысанаға соққы жасалған. АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) басшысы, адмирал Брэд Купер Парсы шығанағында, Ормуз бұғазында және Оман шығанағында қазір бірде-бір ирандық әскери кеме қалмағанын мәлімдеді.
Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы
28 ақпан күні таңертең Израиль мен АҚШ Иран аумағына бірқатар әуе соққыларын жасай бастады. Дональд Трамп бұл операцияның мақсаты Иранның ядролық бағдарламасын жою екенін айтып, ирандық әскерилерді қаруын тастауға шақырды.
Иран мемлекеттік ақпарат құралдарының мәліметінше, шабуылдар салдарынан кемінде 787 адам қаза тапқан. Қаза тапқандар арасында Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи мен бірнеше жоғары лауазымды әскери басшылар бар екені хабарланды.
Тегеран бұған жауап ретінде Израиль аумағына және Парсы шығанағындағы АҚШ әскери базалары орналасқан бірқатар елдерге соққы жасаған. Иран билігі араб елдерімен соғыспайтынын, тек аймақтағы америкалық әскери нысандарды нысанаға алып жатқанын мәлімдеді.
Мұнай нарығына әсері
Иран мен Израиль арасындағы соғыс мұнай мен газ бағасының күрт өсуіне себеп болды. Иран билігі өз аумағына жасалған соққылардан кейін Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуін тоқтататынын мәлімдеді. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай тасымалының шамамен 20 пайызы және сұйытылған табиғи газдың (LNG) 30 пайызы өтеді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Тегеранның бұл шешімінен кейін бұғаз маңында кемінде 150 мұнай танкері жиналып қалған. Сарапшылардың айтуынша, Ормуз бұғазы толық жабылған жағдайда әлемдік нарықта тәулігіне 10 миллион баррель мұнай тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл әлемдік тұтынудың шамамен 10 пайызына тең.