Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Иран өз мұнайын қоймалардан жедел түрде тасып, сатып жатыр

Иран
Фото: zhasalash.kz

Израиль тарапының әуе соққыларына байланысты Иран мұнай қорларын жедел түрде таратып, сата бастады.

Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады. 

Bloomberg мәліметінше, қазіргі уақытта Ирандағы мұнай кен орындары тұрақты жұмыс істеп жатыр, ал мұнайды қоймалардан танкерлерге тиеу көлемі күрт артқан.

«Порттардан теңіз танкерлеріне қарай мұнай ағыны үздіксіз жүріп жатыр. Бұл – Тегеранға, кем дегенде уақытша болса да, табыс табуға мүмкіндік береді, тіпті, тасымалдау тоқтап қалған күннің өзінде де табыс болады. Дегенмен, елдің басты экспорттық терминалы – Харк аралындағы қоймалар шикі мұнайға лық толы», - деп жазады агенттік.

TankerTrackers.com дерегінше, 13 маусымда Израиль соққылары басталғаннан кейінгі бес күн ішінде Иран тәулігіне орта есеппен 2,33 млн баррель мұнай экспорттаған. Бұл 13 маусымға дейінгі жылдық орташа көрсеткіштен (1,61 млн баррель) 44 пайызға көп.

Иран мұнайды жедел сатуға асығуда, себебі:

  • бір жағынан – қоймадағы қорларды қауіпсіз жерге тарату,
  • екінші жағынан – мұнай бағасының күрт өсуін пайдаланып, қысқа мерзімде көбірек табыс табу.

Брент маркалы мұнай бағасы әскери қақтығыстар басталғалы 70 доллардан 77 долларға, ал кейбір сауда сессияларында 79 долларға дейін көтерілген.

13 маусымға дейін танкерлер әдетте Харк аралы маңында кезек күтіп тұратын. Қазір олар аралдан алшақ жерлерде орналасып, тек тиеуге жақындап, тез арада терминалды тастап кетуге тырысып жатыр. Бұл жайында спутниктік түсірілімдер растайды.

Иран билігі осылайша Израильдің ықтимал соққылары кезінде шығындарды азайтуға тырысып отыр.

Иран – ОПЕК-тің ең ірі мұнай өндірушілерінің бірі. Егер әскери әрекеттер Иранның мұнай инфрақұрылымына тікелей соққы жасаса (зауыттар, кен орындары, экспорт порттары), бұл оның нарыққа мұнай жеткізу қабілетіне үлкен зиян келтіреді. Мұндай жағдай да бағаның өсуіне әкеледі.

Қазақстан экономикасы мұнай экспортынан тікелей тәуелді. Сондықтан мұнай бағасының өсуі еліміздің бюджет кірістерін арттырады. Бірақ бағаның тым құбылмалы болуы ұлттық валюта тұрақтылығына, инфляция деңгейіне және инвестициялық тартымдылыққа кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар геосаяси шиеленіс жаһандық жеткізу тізбектерін бұзып, логистика мен тасымалдау шығындарын ұлғайтады. Бұл шикізаттан басқа тауарлар бағасына да әсер етуі мүмкін.

Израиль мен Иран арасындағы соғыс – бүкіл әлем үшін, соның ішінде мұнайға тәуелді елдер үшін де үлкен экономикалық тәуекел көзі. Қақтығыстың ұзақтығы мен ауқымы бағаға тікелей ықпал етеді. Қазақстан секілді мұнай экспорттаушы елдер үшін бұл бір жағынан қаржылық мүмкіндік болса, екінші жағынан сыртқы нарықтарға тәуелділіктің қауіптілігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр. 

Тегтер: