Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:07

Иран президенті көрші елдерінен кешірім сұрады

Масуд Пезешкиан
Фото: ашық дереккөз

Иран президенті Масуд Пезешкиан мемлекеттік телеарна арқылы жасаған мәлімдемесінде Иранның шабуылдарынан зардап шеккен көрші елдерден кешірім сұрады.

Прещиденттің мәлімдемесі IRNA телеграм арнасында жарияланды.

— Шабуылға ұшыраған көрші елдерден кешірім сұрауымыз қажет. Біздің көшбасшымыз, командирлеріміз және шәкірттеріміз жаудың қатыгез басқыншылығы салдарынан өз өмірін құрбан етті. Біздің қарулы күштеріміз елдің аумақтық тұтастығын қорғау үшін жанын пида етуге дайын. Кей кезде командирлер болмаған жағдайда да олар өз бетінше қажетті шешімдер қабылдап, жерімізді абыроймен әрі күшпен қорғады. Біз көрші елдерге шабуыл жасауды мақсат етпейміз. Бұған дейін де айтқанымыздай, олар – біздің бауырларымыз. Біз олармен қол ұстасып, бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға ұмтыламыз, — деді Иран президенті.

Сондай-ақ Пезешкиан Жоғарғы жетекшінің уақытша кеңесінде бұдан былай көрші мемлекеттер Иранға шабуыл жасамаған жағдайда, нысанаға алынбауы тиіс деген шешім қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай мәселелер дипломатиялық жолмен шешілуі керек.

Бұған дейін Иран билігі Тегеран қаласында мемлекеттік мекемелердің жұмысын ішінара қайта жандандыра бастағаны хабарланған еді.