Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:52

Иран Ресейден зениттік-зымыран кешендері мен мыңдаған ракета сатып алмақ

Верба
Фото: ашық дереккөз

Financial Times басылымының мәліметінше, Ресей мен Иран 2025 жылдың желтоқсанында «Рособоронэкспорт» арқылы 500 дана «Верба» тасымалды зениттік-зымыран кешенін және шамамен 2500 дана 9М336 зымыранын жеткізу туралы келісімге келген.

Келісімнің жалпы құны – шамамен 500 миллион еуро, ал жеткізу үш жылға жоспарланған.

Келісім қалай басталды?

FT дереккөздерінің айтуынша, Тегеран 2025 жылдың шілдесінде – АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққыларынан кейін, Мәскеуге зениттік жүйелер сатып алу жөнінде сұраныс жолдаған.

2025 жылғы 17 қаңтарда Ресей мен Иран стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойған. Құжатта екі ел арасындағы экономикалық және әскери ынтымақтастықты тереңдету көзделген.

2026 жылдың ақпан айының ортасында Ресей Қорғаныс министрлігі Ресей мен Иран әскери-теңіз күштері Оман шығанағында бірлескен жаттығу өткізгенін хабарлады.

Бұл маневрлер Тегеран мен Вашингтон арасындағы қатынастар күрделі күйде қалып отырған шақта өтті. Тараптар ядролық келісім бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанымен, АҚШ Таяу Шығыстағы әскери қатысуын күшейтіп отыр.

Атап айтқанда, Иран мен Ресей әскери кемелері АҚШ-тың «Авраам Линкольн» авианосеці маңында жаттығу жасаған. Ақ үй бұл авианосецті 2026 жылдың қаңтарында Иран жағалауларына жіберген болатын.

АҚШ позициясы

Axios басылымының дерегінше, АҚШ Таяу Шығыста ауқымды әскери науқан бастауға жақын. Ақ үйдегі аты-жөні аталмаған кеңесшінің айтуынша, Дональд Трамп Иранмен созылған текетірестен шаршаған.

Болжам бойынша, ықтимал қақтығыс жағдайында АҚШ жағында Израиль де болуы мүмкін.

Айта кетерлігі, Ресей-Иран стратегиялық әріптестік туралы шартында өзара әскери қорғаныс (бірін-бірі автоматты түрде қорғау) жөнінде нақты міндеттеме қарастырылмаған.