Иран Ресейге санкцияға іліккен Siemens орнына газ турбиналарын жеткізіп жатыр

IntelliNews басылымының хабарлауынша, Иранның MAPNA компаниясы Ресейге алғашқы заманауи MGT-70 газ турбинасын жеткізді. Бұл – екі ел арасындағы 40 жабдықты экспорттау жөніндегі келісімнің бір бөлігі.
Siemens орнына ирандық турбиналар
MAPNA жеткізілімдері тек турбиналарды ғана емес, генераторларды, электр жабдықтарын және жөндеу қызметтерін де қамтиды. Жаңа ирандық турбиналар — Ресей санкциялардан кейін қол жеткізе алмай отырған Германияның Siemens өнімдерін алмастыруға арналған.
Бұған дейін Тегеран одан да жетілдірілген MGT-75 үлгісіндегі F класты турбинаны өндіре бастағанын жариялаған еді.
Әскери-техникалық ынтымақтастық
Энергетикалық жабдықтардан бөлек, Иран Ресейге әскери технологияларды да беруде. Ирандық тарап Ресей аумағында жаңартылған «Герань» үлгісіндегі дрондарды өндіруге арналған компоненттерді жеткізіп жатыр. Бұл дрондар Украинаға қарсы соғыста қолданылуда.
Сонымен қатар, Мәскеу шетелдік турбиналарға тәуелділікті азайту үшін отандық өндірісті іске қосуға тырысып жатыр. «Ростехке» қарасты Біріккен қозғалтқыш жасау корпорациясы 25 МВт қуаттылықтағы AL-41ST-25 газ турбинасының екінші прототипін сынақтан өткізді. Уфа қаласындағы УМПО зауытында жасалған құрылғыны әзірлеушілер оның неміс өнімінен айырмасы шамалы деп отыр.