Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:08

Иран шахының эмиграциядағы ұлы режимнің құлайтынына сенімді екенін мәлімдеді

1
Фото: из открытых источников

 Иранның соңғы шахы Мохаммед Реза Пехлевидің ұлы Реза Пехлеви қазіргі Ислам республикасының құлайтынына сенімді екенін айтып, халықаралық қауымдастықты Ирандағы жағдайға араласуға шақырды. Ол бұл туралы Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Реза Пехлевидің айтуынша, Иранда болып жатқан жаппай наразылықтар елдегі саяси жүйенің әлсіреп бара жатқанын көрсетеді. «Ислам республикасы міндетті түрде құлайды. Бұл – уақыттың еншісіндегі мәселе ғана», – деді ол. Сондай-ақ, режим ауысқан жағдайда Иранға қайта оралуға дайын екенін жеткізді.

Реза Пехлеви 1979 жылғы ислам революциясынан кейін отбасымен бірге елден кетіп, содан бері АҚШ-та эмиграцияда тұрып келеді. Оның әкесі билік құрған кезеңде Иран Батыс елдерімен тығыз қарым-қатынаста болған.

Соңғы айларда Иранның бірнеше қаласында режимге қарсы ауқымды наразылықтар өтті. Кейбір шерулерде демонстранттар Пехлевидің есімін ұран ретінде атап, оны балама саяси тұлға ретінде көретінін білдірген. Алайда билік бұл акцияларды күшпен басып-жаншыды.

Реза Пехлеви бірнеше рет АҚШ президенті Дональд Трампты Ирандағы жағдайға қатаң әрекет етуге үндеген. Алайда Вашингтон Тегеранға ескерту жасаумен шектеліп, тікелей араласу қадамдарына барған жоқ.

Эмиграциядағы саясаткер халықаралық қауымдастықтың қолдауы Иран халқы үшін шешуші мәнге ие екенін айтып, режимнің болашағы халықтың еркімен шешілуі тиіс екенін атап өтті.

Тегтер: