Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:17

Иран соғыста қандай шығынға ұшырады?

Иран
Фото: Adri Salido/Getty Images

Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы барысында тек әскери нысандар ғана емес, азаматтық инфрақұрылым да айтарлықтай зардап шекті. Олардың ішінде тарихи және мәдени маңызы бар объектілер де бар.

Бұл туралы DW жазды.

2026 жылғы 28 ақпанда басталған соғыс бір ай ішінде Иранның әскери инфрақұрылымына елеулі соққы берді. Әсіресе зымыран және дрон өндіретін зауыттар, отын-энергетика нысандары мен зымыран ұшыру алаңдары қатты зақымданған. Сонымен қатар тұрғын үйлер, дүкендер және тарихи ескерткіштер, оның ішінде Голестан сарайы да бүлінген.

Соққылар салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын, оның ішінде балалар қаза тауып, мыңдаған адам жараланған. Өз кезегінде Иран Израильге және Парсы шығанағындағы америкалық нысандарға жауап соққыларын жасап, бұл да адам шығыны мен мен ғимараттардың қирауына әкелді.

Қандай әскери нысандар жойылды?

The Washington Post мәліметінше, соғыстың алғашқы айында Иранның зымыран бағдарламасына қатысты төрт негізгі нысан мен кемінде 29 зымыран ұшыру базасы соққыға ұшыраған.

Зерттеулерге сәйкес, 20-дан астам зымыран базасына соққы жасалған. Ходжир, Парчин, Хакимие және Шахрудтағы әскери нысандарда ондаған ғимарат қираған. Сондай-ақ жер астындағы туннельдер де зақымданған.

АҚШ әскери күштері дерегінше, Ирандағы зымыран және дрон өндірісінің үштен екісінен астамы жойылған. Сонымен қатар кеме жөндеу зауыттары да қатты зардап шеккен.

АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы адмирал Брэд Купердің айтуынша, төрт апта ішінде 10 мыңнан астам әуе соққысы жасалған.

Энергетикалық нысандарға келген зиян

Әуе шабуылдары Иранның энергетикалық секторына да ауыр соққы болды. Әсіресе Парсы шығанағындағы ірі Оңтүстік Парс кен орны қатты зардап шеккен. Бұл кен орны елдегі газдың шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді.

Иран Қызыл Жарты ай қоғамының мәліметінше, 100 мыңнан астам азаматтық нысан бүлінген немесе жойылған. Тек Тегеранның өзінде 40 мыңға жуық тұрғын үй мен коммерциялық ғимарат зақымданған. Сонымен қатар 600-ге жуық мектеп пен 300-ге жуық медициналық мекеме соққыға ұшыраған.

Иран Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соғыс басталғалы бері 1900-ден астам адам қаза тапқан, олардың ішінде 240 әйел мен 200-ден астам бала бар. 24 800-ден астам адам жараланған.

Тарихи нысандар да зардап шекті

Ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, Ирандағы бомбалаулар салдарынан ондаған тарихи және мәдени ескерткіштер зақымданған. Олардың қатарында сарайлар, мешіттер мен көне мұралар бар.

Соның ішінде ЮНЕСКО тізіміне енген Голестан сарайы да бар. Жалпы ел бойынша 131 тарихи нысан бүлінген. Ең көп зардап шеккен өңір – Тегеран провинциясы (61 нысан), одан кейін Исфахан (23 нысан).

Соғыс басталғаннан кейін Иран билігі халықаралық қауымдастықты мәдени мұраларды қорғауға шақырды. ЮНЕСКО қақтығыс тараптарына тарихи нысандардың координаттарын беріп, оларды сақтауға үндеген.

Тегтер: