Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:20

Иран соғысты тоқтату үшін АҚШ-қа екі талап қойды

Иран АҚШ
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Иран АҚШ-пен соғысты тоқтату мәселесін тек екі негізгі талап орындалған жағдайда ғана талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

 Ол талаптар – келтірілген шығын үшін өтемақы төлеу және АҚШ әскери күштерін Парсы шығанағынан толық шығару.

Ирандағы Саяси шешімдердің орындылығын анықтау кеңесінің мүшесі Мохсен Резаи Тегеран қақтығысты аяқтау мәселесін тек осы шарттар орындалғаннан кейін ғана қарастыруы мүмкін екенін айтты.

«Біз соғыстың аяқталуын тек келтірілген барлық шығын үшін өтемақы алғаннан кейін және болашаққа жүз пайыздық кепілдік берілген жағдайда ғана талқылаймыз. Ал мұндай кепілдік АҚШ әскерінің Парсы шығанағы аймағынан толық кетуінсіз мүмкін емес», — деді ол ирандық SNN телеарнасына берген сұхбатында.

Бұған дейін Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи де Таяу Шығыс елдерін өз аумақтарындағы АҚШ әскери базаларын жабуға шақырып, соғыс салдары үшін репарация төлеуді талап еткен.

Қақтығыс күшейген тұста Тегеранда халықаралық мұнай саудасына қатысты жаңа шарттар да талқыланып жатыр. CNN телеарнасының мәліметінше, Иран билігі мұнай тасымалдайтын танкерлердің Ормуз бұғазы арқылы шектеулі түрде өтуіне келісуі мүмкін. Алайда мұндай жағдайда мұнай үшін есеп айырысу қытай юанімен жүргізілуі тиіс.

Бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының өкілі қақтығыс жалғаса берсе, Тегеран Ормуз бұғазы арқылы мұнай экспортын толық тоқтатуы мүмкін екенін ескерткен болатын.

Шиеленіс спорт саласына да әсер етті. Иранның спорт министрі Ахмад Доньямали ФИФА-ға АҚШ-ты футболдан әлем чемпионаты матчтарын өткізу құқығынан айыру туралы өтініш жасаған. Оның айтуынша, егер қажетті жағдай жасалса, Иран құрамасы өз матчтарын Мексикада өткізуге дайын.

Ал Вашингтон бұл мәселеде мүлде басқа ұстанымда. АҚШ президенті Дональд Трамп келісім тек Иран толық әрі сөзсіз капитуляция жасаған жағдайда ғана мүмкін екенін мәлімдеді.

«Иранмен ешқандай келісім болмайды, тек сөзсіз капитуляциядан кейін ғана», — деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

Америкалық президенттің айтуынша, Иран капитуляция жасаған жағдайда АҚШ пен оның одақтастары ел экономикасын қалпына келтіруге көмектесіп, Иранға жаңа болашақ құруға мүмкіндік береді.

Axios порталының хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі Ирандағы Ислам революциясы сақшылары корпусын әлсіретуге бағытталған арнайы кампания жүргізу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Ал CNN дерегіне сүйенсек, америкалық барлау қызметі әзірге Ирандағы биліктің жақын арада құлау белгілерін байқамаған.