Иран суицид жасай ма?

Иран мен Израиль қақтығысы ушығып кетті. Бір-бірін жер-жебіріне жете айыптап, өзара зымыран жұмсап жатқан екі елдің арасына енді АҚШ килікті.
Әу баста екі тарапты татулыққа шақырғандай түр танытып, бірақ Тегеранды көбірек кінәлап сөйлеп жүрген Дональд Трамп ақыры ұрысқа араласып, Иранды төпелей жөнелді. Сөйтіп әлем назары Иран-Израиль соғысынан гөрі Трамп соққысының дақпыртына көбірек ауып кетті. Көпшілік АҚШ шабуылының салмағы мен салдарын талқылап жатыр.
Әрине, бұл соғысқа Вашингтонның араласуы мүмкін екені айтылып жүрген. Бірақ мұнша жылдам болатынын ешкім болжаған жоқ. 20 маусым күні ғана Иранға соққы жасау-жасамау мәселесін екі апта талқылаймыз деген Ақ үй арада тәулік аунамай жатып, 22 маусымға қараған түні Иранның Фордо, Натанз және Исфахандағы үш ядролық нысанына шабуыл жасады. Бұл жұрттың Трампты «сөзі мен ісі сәйкес келмейтін саясаткер» деп сынауына себеп болып отыр. Ақ үй басшысы берген уәдесінің ешбірін орындалмайтын, сөзінің пәтуәсі жоқ президент ретінде танылып келеді.
АҚШ пен Иран ежелден қырғиқабақ. Бірақ Вашингтон мен Тегеран бұған дейін тікелей әскери қақтығысқа ұрынған жоқ. АҚШ президенттері елді Таяу Шығыстағы қауіпті соғысқа тартуға тәуекел ете алмаған еді. Ал АҚШ тізгінін екінші рет ұстаған Дональд Трамп ұзақ уақыт сақталған қауіпті қызыл сызықты басып, Иранға қарсы әскери күш қолданып отыр. Оның мұнысы ерлік пе, есерлік пе, дәл қазір тап басып айту қиын.
Ақ үй қару қолданды
АҚШ пен Израиль Иранда ядролық қару бар деп есептейді. Олар «Иран ядролық бағдарламасын жылдам жүргізіп жатыр, бұл Таяу Шығысқа қауіп төндіреді, сол қауіптің алдын аламыз» дегенді желеу етіп отыр. Ал Тегеран ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатқа арналғанын айтып, ақталады. Осы дау-дамайдың соңы Израильдің 13 маусымдағы «Өрлеу арыстаны» деген операциясына ұласты. Олар Иранның Натанз, Фордо, Исфахан сияқты ядролық нысандарына зымыран арқылы шабуыл жасағанымен, оны толық қиратуға технологиясы жетпеді.
Бұл үшеуі Иранның басты ядролық нысаны саналады. Кейбірі терең бункерде орналасқан. Оны жоя алатын аса ірі антибункер бомба кез келген елдің қолына түсе бермейтін қару, тіпті Израильдің өзінде жоқ. Ал Америкада мұндай қару бар. Оның үстіне әрбірінің салмағы 13 тоннадан асатын GBU-57 бомбасын АҚШ-тың көзге түспейтін B-2 жойғыш ұшағы ғана тасымалдай алады. Трамп осы алып бомбаны пайдаланып, Фордоға соққы жасаған. Осылайша, тарихта алғаш рет құны 2 миллиард доллар тұратын B-2 бомбалаушы ұшақтары соғысқа қатысты.
Ал Исфахан мен Натанздағы ядролық нысандарға шамамен 30 дана Tomahawk қанатты ракетасымен шабуылдаған, олар «Огайо» сүңгуір қайығынан ұшып шыққан. Дональд Трамп бұл шабуылдардың «өте табысты» аяқталғанын айтып, Фордо, Натанз және Исфахандағы ядролық объектілер «толық жойылғанын» хабарлады. Шабуылдан кейін B-2 ұшақтары Миссуридегі базасына қайтып кеткен. Шетелдік басылымдар Ирандағы ядролық нысандарға келтірілген залал «өте үлкен» деп болжап отыр. Соққылар өте қуатты болған әрі нысанаға дәл тиіпті. Бірақ Трамптың объектілер толық жойылды дегеніне сену қиын.
Иранның реакциясы. Тегеран билігі үш нысанға соққы жасалғанын растағанымен, шабуылдан аса үлкен зиян келген жоқ деп отыр. Олардың айтуынша, Тегеран АҚШ-тың шабуыл жасайтынынан алдын ала хабардар болған, сондықтан базадағы мамандары мен материалдарын басқа жаққа көшіріп әкеткен.
Иран АҚШ шабуылын айыптап, қарымта соққы жасайтынын, кек алатынын мәлімдеді. 22 маусымда Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи БҰҰ жарғысын алға тартып, АҚШ шабуылына жауап қайтаруға Тегеранның заңды құқығы бар екенін айтқан. «Вашингтонның бұл әрекеті – нағыз бассыздық. БҰҰ-ның әрбір мүшесі мұндай қауіпті қылмысқа алаңдауы керек. БҰҰ жарғысы және оның өзін-өзі қорғау ережесіне сәйкес, Иран өзінің егемендігі мен халқын қорғауға құқылы», – деді Арагчи. Сондай-ақ Иран билігі уран байытуды доғармайтынын мәлімдеді. Ал Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ агрессиясы үшін міндетті түрде жауап алатынын айтты.
Бірақ тегерандық шенділер әзірге сөзден іске көшкен жоқ. Сарапшылар Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларына соққы беруі мүмкін екенін болжаған. Бірақ қазірше бұған тәуекел ете алмай отыр. Мұндайда халықтың көңілін аулау үшін АҚШ-тың әскери базаларына жасанды соққы жасайтынын білеміз. Мысалы, 2020 жылы АҚШ Иран генералы Касем Сүлейманиді өлтіргенде ресми Тегеран Ақ үйге ескерте отырып, әскери базасын атқылап, «кек қайтарған». Бұл жолы оның да реті келмей тұрған сияқты.
Елді кейінгі 40 жыл бойы басқарып отырған 86 жастағы аятолла Әли Хаменеи екі оттың ортасында қалып отыр. Ашық шабуылға жауап бермей, үнсіз қалса, өз халқы мен одақтастары алдындағы беделінен айырылады, ал тәуекел деп қатаң шара қабылдаса, соғыс оты бұрқ етіп, өзінің де, елінің де болашағына балта шабуы мүмкін. Тіпті аятолланың өзі бункерде жасырынып жатыр деген ақпарат бар. Қысқасы, сарапшылардың көбі Иран қақтығысты өршітуге дайын емес, ынтасы да жоқ деп есептейді.
Иран парламенті үкіметтен Ормуз бұғазын жабуды талап етіп отыр. Қарулы қарымта қайтара алмасақ та, экономикалық тұрғыда мінез танытайық дегені болар. Бірақ бұл да оңай емес. Парсы және Оман шығанағын жалғап тұрған Ормуз бұғазы арқылы күн сайын әлемде тұтынылатын мұнайдың 20 пайызы тасымалданады. Иран оны жапса, әлемдік мұнай нарығы шайқалып, АҚШ-қа ғана емес, Араб елдері, Қытай сияқты одақтастарына да ұнамай қалуы мүмкін. Тегеран дәл қазір дұшпанын көбейткісі келмейді. Мұны АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да ескертіп отыр. Ол тіпті Иран Ормуз бұғазын жабатын болса, бұл Иран мемлекеті үшін суицидпен тең деп атады.
Сондай-ақ Рубио Иранды қарымта шабуыл жасамауға шақырды. Вашингтон әу баста Иран екі күн ішінде қарымта қайтарады деп қауіптенген. Бірақ шабуыл болмады, Тегеран АҚШ-тың бұдан да күшті соққысынан жасқанып отырғаны анық. Иран Израильмен соғыстың өзінде ырықсыз орында тұрған, ұрысқа АҚШ-тың тікелей араласуы қысымды күшейте түсті.
Әлемнің реакциясы. Трамптың бұл шешімі Иранда ғана емес, өз елінде де сынға ұшырап жатыр. Америка халқы жаңа президенттің былтыр сайлаудағы уәдесін тез ұмытқанына наразы. Трамп сайлауалды бағдарламасында әлемдік қақтығыстарды азайтуға, сыртқы саясатпен әуестенбей, АҚШ мүддесін бірінші орынға қоюға және Ресей-Украина соғысын бір тәулікте тоқтатуға сөз берген. Ол бұл уәделерін орындамағаны өз алдына жаңа қақтығысқа жол ашып отыр. Ирак, Ауғанстан және Украинадағы ұзаққа созылған әрі қымбатқа түсетін соғыстан әбден шаршаған АҚШ қоғамы мен элитасы Трамптың бұл шабуылын қолдамайды.
Әсіресе демократиялық партия өкілдері Трамп саясатына белсене қарсы шығып жатыр. Мысалы, сенаттағы демократтар фракциясы жетекшілерінің бірі Дик Дурбин «президенттің әрекеті АҚШ-ты Таяу Шығыстағы соғысқа араластырды, бұл Конституция талап ететін Конгрестің келісімінсіз жасалып отыр» деді. Конгрестегі басқа да демократтар осыған ұқсас мәлімдемелер жасады, кейбірі тіпті президенттің әрекеті импичмент жариялауға лайық екенін айтты.
Трамптың саяси қарсыластары ғана емес, республикашыл конгрессмен Томас Масси мен Өкілдер палатасының мүшесі Марджори Тейлор Грин Иранға қарсы шабуылды айыптай сөйледі. Тіпті Трампты қолдайтын MAGA қозғалысының ішіне де жік түсіп, оның бұрынғы жақын кеңесшісі әрі MAGA қозғалысының ықпалды тұлғасы Стив Бэннон бұл шешімді сынға алды.
Ал БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш те АҚШ-тың Иранға күш қолдануын айыптап, тараптарды жағдайды ушықтырмауға, халықаралық құқық нормаларын сақтауға үндеді. «АҚШ-тың Иранға қарсы күш қолдануына қатты алаңдаймын. Бұл – аймақтағы қауіпті өршіту ғана емес, бүкіл әлемге төнген қауіп», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында. Сондай-ақ Куба президенті Мигель Диас-Канель, Чили президенті Габриэль Борич, Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Кайя Каллас АҚШ президентінің шешімін сынға алды.
Әрине, Трампты жақтап жатқандар да бар. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Трамптың шабуыл жасау туралы шешімін «батыл қадам» деп бағалап, «АҚШ президенті Таяу Шығыстың болашағы мен бейбітшілігі үшін тарихи қадам жасады», – деп мақтады. Ал Ұлыбританияның БҰҰ-дағы өкілі Барбара Вудворд Иранның ядролық қаруы болмауы керек деп мәлімдеп, Тегеранның ядролық бағдарламасы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретінін айтты. Украина президенті Владимир Зеленский де Трамптың шешімін қолдап, Ресейдің ядролы қаруын мысалға келтіре отырып, әлемде ядролық қарудың таралуына жол бермеу керек екенін айтты.
Иран-Израиль қақтығысы
АҚШ Иранның ядролық инфрақұрылымына әуеден соққы бергеннен кейін, Тегеран Израиль аумағын атқылай бастады. Жергілікті ақпарат құралдары Израильге қарай 25–35 баллистикалық зымыран ұшырылғанын хабарлады. Израиль медицина қызметінің дерегінше, Иран шабуылынан 16 адам зардап шеккен. Израильдің орталық бөлігінде әуе дабылы іске қосылған. Бірақ осыдан кейін Тегеран шабуылы бәсеңдеді. 23 маусымға қараған түні Иран Израильге бір ғана зымыран ұшырған. Бұл Иранның соғыс зымырандарының таусылуға таяғанын білдіреді дейді сарапшылар. Бірақ өздері уәде еткен АҚШ-қа қарсы «кек алу» жоспарын жасап жатқан болуы да мүмкін.
Дүйсенбінің таңында Израиль әскери-әуе күштері Иранның батысындағы Керманшах провинциясындағы әскери инфрақұрылымға шабуыл жасады. Сондай-ақ Иранның батысындағы, шығысындағы және орталығындағы алты аэродромға соққы берді. 23 маусым күні 17:00-дегі ақпарат бойынша 13 маусымнан бері Иранда 500-ге жуық адам қайтыс болып, 3 мыңнан аса тұрғын жараланған. Бұл Иран Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі. Құқық қорғау ұйымдары қайтыс болғандар саны бұдан екі есе көп болуы мүмкін деп болжап отыр.
23 мамыр күні Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Мәскеуге ұшып келіп, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. «Иранға қарсы бұл агрессияны ақтап алуға еш негіз жоқ. Біз Иран халқына көмектесуге тырысып жатырмыз», – деді Путин. Бірақ ол өз сөзінде Израильді де, АҚШ-ты да тікелей атаған жоқ. Яғни Путин Иранға шабуыл жасағандарды атын атап, түсін түстемей, астыртын айыптады. Соған қарағанда Кремль Тегеранға үлкен қолдау көрсете алмайтын сияқты.
Дональд Трамп «Иран соғысты дереу тоқтатып, бейбіт келісімге келуі керек. Әйтпесе жаңа соққы жасалады», – деп ультиматум қойып отыр. Оның үстіне қазіргі Иран режимі елді ұлы мемлекетке айналдыра алмаса, бұл режимді өзгерту керек дегенді меңзей сөйледі. Соған қарағанда, АҚШ пен Израиль Иранды ядролық бағдарламасынан бас тарттырып қана қоймай, билігін ауыстыруға ниетті сияқты.
Иран-Израиль қақтығысы екі елге ғана емес, тұтас әлемге әсер етіп жатыр. Егер Тегеран Ормуз бұғазын жабуға тәуекел етсе, жаһандық экономикаға зияны тиюі мүмкін. Bloomberg сарапшылары мұнай бағасы барреліне 110 долларға дейін жетуі мүмкін екенін болжап отыр. 23 маусымда баға 80 доллар болып тұр. Алда мұнай бағасы Вашингтон мен Тегеранның әрекетіне байланысты құбылып отырады. Сондай-ақ әлемдік логистикада белгілі деңгейде кедергіге тап болары анық.
Бұл соғыстың Қазақстанға да әсері бар. Экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, еліміз Иранға негізінен азық-түлік сатады, екі елдің арасындағы сауда айналымы былтыр 350 млн доллар болған. Демек соғыстың ел экономикасына аса үлкен әсері болмайды. Бірақ Оңтүстікке баратын жалғыз теміржол Иран арқылы өтетіндіктен, логистикалық тұрғыда қиындыққа ұрынарымыз анық. Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан үшін мұнайдың қымбат болғаны тиімді деп отыр. Бірақ Астана әлемдік қақтығысты өз пайдасына жарата аларына сенім аз.
Қуаныш Қаппас