Иран Түркияға бағытталған баллистикалық зымыранды АҚШ-тың арандатуы деп атады
Тегеран Түркия аумағына баллистикалық зымыран ұшырды деген айыптауларды жоққа шығарып, бұл әрекетті АҚШ пен Израиль екі елдің арасын бұзуға тырысып отыр деп бағалады.
Иранның «Хатам әл-Анбия» орталық штабының ресми өкілінің айтуынша, Иран қарулы күштері «достас әрі көршілес» Түркия бағытына ешқандай зымыран ұшырмаған.
— «АҚШ басшылығы мен сионистік режимнің бұған дейінгі арандатушылықтарын ескерсек, бұл әрекет Иран мен Түркия арасындағы қатынасты бұзу мақсатында жасалған болуы мүмкін. Мұндай жағдай мұқият тексеруді қажет етеді», — деп мәлімдеді Иран мемлекеттік телеарнасы.
13 наурыз, жұма күні Түркияның Қорғаныс министрлігі елдің әуе кеңістігінде Иран жағынан ұшып келген баллистикалық зымыранның жойылғанын хабарлаған болатын. Түркияның қорғаныс өнеркәсібі мен әскери авиациясына арналған Savunma sanayi порталының мәліметінше, зымыранның ықтимал нысанасы Инджирлик әскери әуе базасы болған. Зымыранды НАТО күштері атып түсірген.
Осы оқиғаға байланысты Түркияның Сыртқы істер министрлігі Иран елшісін түсініктеме беру үшін шақырды.
Бұған дейін Түркияның қорғаныс министрлігі 4 және 9 наурыз күндері де Иран аумағынан ұшырылды деген екі баллистикалық зымыранның атып түсірілгенін мәлімдеген еді.