Иран уран байытудан және зымыран бағдарламасынан бас тартпайды
Иран уран байытудан және зымыран бағдарламасынан бас тартпайды. Алайда АҚШ-пен жанама келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран уран байыту мен зымыран бағдарламаcын дамыту жоспарын жалғастыратынын, бірақ АҚШ-пен ядролық мәселе бойынша ымыраға келу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтты.
«Біз уран байытуды тоқтата алмаймыз. Вашингтонмен тікелей сөйлескіміз келмейді, бірақ жанама келіссөздер арқылы келісімге жетуге болады», — деді ол Mehr агенттігіне берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, Иран ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін дәлелдеуге дайын.
«Келісімге келуге болады, бірақ АҚШ орындалмайтын және қабылдауға болмайтын шарттарды ұсынып отыр. Зымыран бағдарламасы жөнінде ешқандай келіссөз болмайды», - деп нақтылады Аракчи.
Маусым айындағы шабуыл және ядролық нысандардың жағдайы
Аракчидің сөзіне қарағанда, 2025 жылдың маусым айында Израиль мен АҚШ соққыларынан кейін ядролық материалдар бомбалау кезінде зақымданған нысандардың астында қалған. Иран оларды ешқайда шығармаған. Министр нысандар мен жабдықтар бүлінгенін мойындағанымен, технологиялық әлеует сақталғанын айтты.
Оның пікірінше, Тегеран Израильдің кез келген «дұшпандық әрекеттерін» күтуде және маусымдағы оқиғадан сабақ алған.
«Израиль АҚШ-тың келісімінсіз Иранға жаңа шабуыл жасамайды», - деді ол.
МАГАТЭ және халықаралық реакция
Қазан айының соңында МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси Associated Press-ке берген сұхбатында Иран уран байытуды жалғастырып жатқанын, бірақ «бұрынғыдай жоғары қарқынмен емес» екенін айтқан.
13 маусымда Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған болатын. Ресми мәліметке сәйкес, оның мақсаты — Иранның ядролық бағдарламасын жою. Бұған жауап ретінде Иран да Израильге соққы берген.
Кейін 22 маусымда АҚШ Фордо, Исфахан және Натанз қалаларындағы үш ядролық нысанға әуе соққысын жасады. Осыдан соң АҚШ президенті Дональд Трамп уақытша бітім жариялап, оған Иран мен Израиль де келісімін берген.