Иран ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығуға дайындалып жатыр

Иран парламенті Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуроодақтың санкциялары қайта енгізілгеннен кейін елді Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу жөнінде заң жобасын әзірлеп жатыр.
Бұл туралы парламенттің қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының өкілі Эбрагим Резаи Tasnim агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Резайидің айтуынша, ЯҚТШ-тан шығу жөнінде 15 түрлі заң жобасы ұсынылған, олардың бірі дайын тұр. Алайда ол әзірге ресми күн тәртібіне енгізілген жоқ, себебі депутаттардың арасында толық келісім қажет.
Иран парламентінде қатаң ұстанымдағы депутаттар басым. Олар президент Масуд Пезешкиан мен сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің дипломатиялық бағытын сынға алады. Екі саясаткер де келісімнен шығуға қарсы, тіпті санкциялар қайта енгізілгеннен кейін де мәселені дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды.
Иран Конституциясына сәйкес, стратегиялық маңызы бар шешімдер бойынша соңғы сөз елдің жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиға тиесілі. Сарапшылардың пікірінше, келісімнен шығу туралы заң жобасын қабылдау үшін міндетті түрде оның мақұлдауы қажет.
Санкциялардың қайта енгізілуі
28 қыркүйекке қараған түні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иранға қарсы санкциялары қайта күшіне енді. Бұл шектеулер алғаш рет 2015 жылы Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша жасалған Жан-жақты бірлескен іс-қимыл жоспары аясында тоқтатылған болатын.
Келісімге сәйкес, егер Иран тарапынан елеулі заңбұзушылықтар анықталса, санкциялар қайта енгізілуі мүмкін еді.
Санкциялар тек БҰҰ тарапынан ғана емес, сонымен бірге Еуропалық одақ тарапынан да қалпына келтірілді. ЕО елдері Иранның Орталық банкінің активтерін бұғаттап, сауда және экономикалық шектеулер енгізді.
Тегеранның жауабы
Иран Сыртқы істер министрлігі елдің ұлттық мүдделерін қорғау үшін қатаң шаралар қолданатынын мәлімдеді.
«Ислам Республикасы Иран өз құқықтары мен ұлттық мүдделерін батыл қорғайды. БҰҰ санкциялары заңдық тұрғыдан негізсіз және қабылдауға болмайды. Кез келген дұшпандық әрекетке лайықты жауап беріледі», – делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, 27 қыркүйекте Тегеран Берлин, Париж және Лондондағы елшілерін консультацияға шақырып алды.