Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:30

Иран зымыраны Дубайдағы қазақстандық элита тұратын резиденция маңына түсті

Е
Фото: ашық дереккөз

Иран зымыраны Дубайдағы жасанды Пальма Джумейра аралында орналасқан Fairmont The Palm резиденциясы ауданында құлаған.

Оқиға туралы ақпарат Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт ушығуы аясында тарады. Жарияланған сәтте зардап шеккендер мен қирау көлемі туралы ресми мәліметтер нақтыланып жатыр.

Қазақстандық әлеуметтік желі сегментінде бұл оқиғаға ерекше назар аударылды. Себебі Fairmont The Palm және Palm Jumeirah аралындағы көршілес нысандар бұған дейін бейресми түрде «Дубайдағы Қазақстан» деп аталып келген. Мұның себебі – бұл ауданда Қазақстан азаматтарының, соның ішінде танымал әрі қоғамдық тұлғалардың жылжымайтын мүлікке иелік етуі. Дубайдың жылжымайтын мүлік нарығына қатысты халықаралық зерттеулерде (Dubai Uncovered / Dubai Property Database), C4ADS ұйымы алған деректерге сүйене отырып, эмираттағы нысандардың елеулі бөлігі шетел азаматтары мен олармен байланысты тұлғалардың атына рәсімделгені айтылған.

Журналист Манас Қайыртайдың мәлімдеуінше, ашық жарияланымдар мен зерттеу материалдарына сәйкес, аталған тұрғын үй кешенінде Қазақстан азаматтары мен бұрынғы және қазіргі шенеуніктердің туыстарына тиесілі пәтерлер болуы мүмкін. Алайда БАӘ немесе Қазақстанның ресми органдарынан нақты меншік иелері туралы, сондай-ақ зымыранның дәл тұрғын корпусқа тікелей тигені жөнінде әзірге ресми растау жоқ.

Жарияланған деректерге сәйкес, резиденциядағы жылжымайтын мүлік иелері арасында мыналар аталады:

Бағдат Баталова – Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың жұбайы;

Мирас Мами – Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Қайрат Мамидың ұлы;

Лейла Адайбекова – Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы Берік Имашевтің жұбайы;

Елжан Имашев – Берік Имашевтің ұлы;

Жанар Сейдвалиева – Қайрат Шәріпбаевтың бұрынғы жұбайы;

Қорлан Шәріпбаева – Қайрат Шәріпбаевтың қызы;

Өркен Есей – Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің күйеу баласы;

Алена Шенесары – Мәжілістің бұрынғы депутаты Гүлжан Қарағұсованың келіні;

Қайсын Жұмағалиева – цифрлық даму саласының бұрынғы министрі Асқар Жұмағалиевтің анасы;

Сержан Дүйсебаев – Қазақстанның ЕАЭО-дағы өкілі;

Руслан Акбердиев – Президентті күзету қызметінің бұрынғы қызметкері;

Ғабдулхаким Жашыбеков – Президент әкімшілігінде жұмыс істеген генерал;

Николай Родостовец – экс-министр;

Ардақ Зиябек – бұрынғы вице-министр Берік Толымбаевтың ұлы.

Журналистің айтуынша, бұл кешенде Қазақстан азаматтарына тиесілі 96–97 пәтер болған.

Бұған дейін БАӘ билігі аймақтағы шиеленіс аясында қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін хабарлаған. Қазақстан дипломаттары шиеленіс аймағында жүрген азаматтарға сақтық шараларын сақтауды және шетелдегі дипломатиялық мекемелермен байланыста болуды ұсынды.

Тегтер: