Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:28

Иран зымыраны Түркия аумағының үстінде атып түсірілді

Зымыран
Фото: ашық дереккөз

Елдің Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, зымыран Түркияның әуе кеңістігіне кірген. Ол Шығыс Жерорта теңізінде орналастырылған НАТО-ның әуе қорғанысы және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері арқылы жойылған.

Министрлік кез келген қауіпке қарсы елдің аумағы мен әуе кеңістігін қорғау үшін барлық қажетті шаралар батыл әрі кідіріссіз қабылданатынын мәлімдеді. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тиісті елмен консультациялар жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін де Түркия аумағына қарай бағытталған ирандық зымыран атып түсірілгені хабарланған еді. Ол кезде де Түркияның әуе қорғаныс жүйелері жедел әрекет етіп, зымыран елдің әуе кеңістігіне қауіп төндірмей тұрып жойылған болатын.

Сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі өңірдегі көршілес мемлекеттердің қауіпсіздігіне де әсер ете бастады. Әсіресе Иран мен АҚШ-Израиль арасындағы қақтығыс аясында зымырандар мен дрондардың ұшу траекториясы кейде басқа елдердің әуе кеңістігіне жақын аймақтар арқылы өтуде.

Түркия билігі мұндай жағдайларда елдің әуе кеңістігін қорғау басты басымдық екенін атап өтті. Сонымен қатар Анкара аймақтағы тұрақсыздықтың күшеюі бүкіл өңір қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін айтып, дипломатиялық жолмен шиеленісті азайтуға шақырып отыр.