Иранда 12 күнге созылған наразылықтар: кемінде 45 адам қаза тапты, интернет өшкен
Иранда инфляция аясында басталған наразылық акциялары 12 күннен бері жалғасып келеді. Наразы жұрт Тегеран мен елдің басқа да ірі қалаларының көшелеріне шықты. Кемінде 45 наразылыққа қатысушы қаза тапқан, олардың арасында сегіз кәмелетке толмаған бала бар.
Иранда ұлттық валюта – риал бағамының күрт құлдырауы мен инфляцияның шектен тыс өсуінен кейін басталған көше наразылықтары қатарынан он екінші күнге ұласты. Бейсенбі күні, 8 қаңтарда, наразылық білдірушілер Тегерандағы негізгі магистральдардың бірі – Аятолла Кашони бульварын жауып тастады. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда наразылар мен дабыл қаққан көліктер көрінеді.
Dpa агенттігінің куәгерлерге сілтеме жасап хабарлауынша, қауіпсіздік күштері бетперде киген наразыларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған. Белсенділер таратқан видеоларда Тегеранда өртеніп жатқан полиция көліктері бейнеленген. Сонымен қатар, Мешхед, Керманшах және өзге де ірі қалаларда жаппай наразылықтар өтіп жатқаны хабарланды.
Осы уақытта Иран билігі халықтың интернетті толық шектеді. Ұлыбританиядағы NetBlocks ұйымының мәлімдеуінше, ел «дерлік толық ұлттық интернет-блэкаут» жағдайында отыр. Cloudflare IT-компаниясының дерегіне сәйкес, 8 қаңтар күні Ирандағы интернет-трафик шамамен 90 пайызға қысқарған. Dpa агенттігінің жазуынша, интернетке еркін қолжетімділік тек шенеуніктер мен күштік құрылымдарда ғана сақталған болуы мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп Salem News Channel телеарнасына берген сұхбатында Тегеран басшылығына қатысты бұрынғы ескертулерін қайта айтты. «Мен оларға анық жеткіздім: егер олар адамдарды өлтіре бастаса, біз қатаң шара қолданамыз — олар мұны көбіне өз еліндегі тәртіпсіздіктер кезінде жасайды, ал ондай тәртіпсіздіктер оларда жиі болады», - деді Ақ үй басшысы. Ол ирандықтарды «батыл халық» деп атап, әкімшілігінің жағдайды мұқият бақылап отырғанын жеткізді.
Норвегияда орналасқан Iran Human Rights (IHR) ұйымының соңғы мәліметіне сәйкес, наразылықтар басталғалы бері кемінде 45 адам қаза тапқан, олардың ішінде сегіз кәмелетке толмаған бала бар. Ал Иран билігі мен ресми БАҚ бұған дейін 21 адамның көз жұмғанын, олардың арасында қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері де болғанын хабарлаған.
Ирандағы жаппай көше наразылықтары 28 желтоқсаннан бері жалғасып келеді. Олар Тегерандағы орталық базарда басталған: көптеген дүкен иелері гиперинфляция мен бағаның күрт құбылуына қарсылық ретінде сауда нүктелерін жапқан.
29 желтоқсанда Иран риалы тарихи ең төменгі деңгейге дейін құлдырады (бір риал шамамен 0,00002 еуроға тең болды). Ал қазан айында Дүниежүзілік банк дерегіне сүйенсек, Иранда азық-түлік инфляциясы 64,2 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша «антирейтингте» Ираннан тек Оңтүстік Судан ғана артта қалған.