Иранда ереуілден қаза тапқандар саны 12 мыңға жетуі мүмкін
Иранда бірнеше күннен бері елдің ірі қалаларын қамтыған жаппай наразылық акциялары тоқтаған жоқ.
Шерулер Тегеран, Исфахан, Мешхед, Шираз және өзге де қалаларда өтіп жатыр. Көшеге шыққандар әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға, азаматтық еркіндіктердің шектелуіне және биліктің қатаң саясатына наразылық білдіруде.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Ирандағы наразылықтарда кемінде 648 адам қаза тапқан. Алайда интернеттің толық бұғатталуына байланысты құрбандардың нақты саны бірнеше мыңға, тіпті 6 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Ипантанушы Жәнібек Көпжасардың жазуынша, қаза тапқандар саны 12 мыңға жетуі мүмкін.
Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, наразылықтарды күшпен тарату салдарынан ондаған адам қаза тауып, мыңдаған азамат ұсталған. Алайда ресми Тегеран бұл деректерді толық растаған жоқ. Билік оқиғаларды «сыртқы күштердің арандатуы» деп бағалап отыр.
Жағдайдың ушығуына байланысты елде интернет пен әлеуметтік желілерге қолжетімділік шектелді. Бұл тәуелсіз ақпараттың таралуын қиындатып, нақты ахуалды анықтауға мүмкіндік бермей отыр.
Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи жасаған мәлімдемесінде мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берілмейтінін айтып, күштік құрылымдардың қатаң шараларын ақтады.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі толқу — Ирандағы терең әлеуметтік және саяси дағдарыстың көрінісі. Наразылықтың негізгі қозғаушы күші — жастар мен әйелдер. Олар елдегі басқару жүйесін өзгерту, еркіндік пен әділеттілік орнату талаптарын алға тартып отыр.
Қазіргі таңда жағдай толық бақылауға алынғаны ресми түрде хабарланғанымен, елдегі ахуалдың қалай өрбитіні әзірге белгісіз.