Иранда хиджабты міндетті түрде кию туралы заңның күші жойылды

Енді бұл үшін ешқандай айыппұл да, жаза да қолданылмайды.
2025 жылғы 6 қазан күні Иран билігі әйелдердің хиджабты міндетті түрде киюі жөніндегі заңның орындалмайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Бұл туралы елдің Консультативтік кеңесінің мүшесі Мохаммадреза Бахунар хабарлады.
Бахунардың айтуынша, құқықтық және заңдық тұрғыдан бұл заңды орындау мүмкін болмай қалған.
«Хиджабты міндетті түрде кию туралы заңның күші жойылды. Енді оны кимегені үшін ешкімге айыппұл, жаза немесе заңдық шара қолданылмайды. Мұны полицияға да жеткізу қажет», – деді ол.
Саясаткер ирандықтарға қорқудың қажеті жоқ екенін, хиджаб кимегені үшін ешқандай құқықтық салдар туындамайтынын атап өтті.
Мохаммадреза Бахунар әр елдің өз салты мен киім кию мәдениеті бар екенін, оны құрметтеу қажеттігін айтты. Сонымен бірге ол биліктің шешімдерін де орындау қажет екенін ескертті.
Бахунардың айтуынша, кейбір азаматтар бұл шешімге қарсы шығып, парламент ғимараты алдында наразылық акциялары мен отырыс түріндегі қарсылықтар ұйымдастырып жатыр. Алайда қазіргі ресми ұстаным – «Хиджаб туралы заң» міндетті сипатқа ие емес.
Президенттің көзқарасы
Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиян да осы мәселе жөнінде пікір білдіріп, жазалау немесе мәжбүрлеу арқылы қоғамда тәртіп орнату мүмкін еместігін айтқан еді.
«Әйелдердің хиджаб киюін зорлықпен талап ету нәтиже бермейді. Бұл – мәдени және әлеуметтік өзгерістер арқылы ғана шешілетін мәселе», – деген болатын президент.
Иранның Консультативтік кеңесі – елдің жоғарғы басшысы жанындағы 25 мүшеден тұратын кеңесші орган. Оның міндеті – Конституцияны қорғау кеңесі мен парламент (Меджлис) арасындағы даулы мәселелерді шешу.
Осы органның шешімімен хиджабты міндетті түрде кию талабы заңдық күшін толық жоғалтты.
Бұл шешім Иран қоғамы үшін тарихи әрі жүйелі өзгеріс ретінде бағаланып отыр. Кейінгі жылдары елде әйелдердің киім еркіндігіне байланысты наразылықтар жиілеген болатын, әсіресе 2022 жылы Махса Аминидің қазасынан кейін бүкіл елді қамтыған «әйелдер көтерілісінен» соң бұл тақырып ерекше болды.
Енді жаңа шешім ирандық әйелдер мен қыздарға өз таңдауы бойынша хиджаб кию немесе кимеуге мүмкіндік беретін, ел тарихындағы ең ірі әлеуметтік реформалардың бірі болып саналады.