Иранда қайтадан үкіметке қарсы шерулер өтті
Иранда жаппай наразылықтар кезінде қаза тапқандарды еске алу шараларында қайтадан үкіметке қарсы ұрандар айтылды.
Ал Тегеранда өткен ресми рәсімде акция «ұйымдастырушыларына» жанашырлық танытқандарға «салдары болады» деп ескертілді.
Сейсенбі, 17 ақпанда Иранда қатал түрде басылған антиүкіметтік шерулер кезінде қаза тапқандарды еске алу шаралары өтті. Бірнеше қалада еске алу жиындары ұйымдастырылып, кей жерлерде қауіпсіздік күштерімен жаңа қақтығыстар тіркелді, деп хабарлайды AFP.
Абадан қаласында жұрт қолдарына гүл мен қаза тапқандардың суреттерін ұстап, «Хаменейге өлім!» және «Шах жасасын!» деген ұрандар айтты. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда атыс дауысы естіліп, адамдардың үрейлене қашқаны көрінеді. Мешхедте наразылар: «Бір адам өлтірілді – оның артында мыңдаған адам тұр!» деп ұрандатқан.
Қаза тапқандарды еске алуға арналған ресми рәсім
Иран билігі Тегерандағы Имам Хомейни мешітінде ресми еске алу рәсімін өткізді. Қатысушылар Иран туын желбіретіп, қаза тапқандардың портреттерін ұстап, «Америкаға өлім!» және «Израильге өлім!» деген ұрандар айтты.
Іс-шарада жоғары лауазымды тұлғалар сөз сөйледі. Олардың қатарында вице-президент Мохаммад Реза Ареф пен Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) қолбасшысы Эсмаил Каани болды.
Каанидің айтуынша:
— Тәртіпсіздік пен терроризмді ұйымдастырушыларды қолдағандар – қылмыскерлер және олар міндетті түрде жауап береді".
Ирандағы наразылықтар және құрбандар саны
2025 жылғы желтоқсанда басталған алғашқы шерулер экономикалық себептерге байланысты болды. Алайда кейін олар саяси сипат алып, бүкіл елге тарады. Билік оларды күшпен басуға тырысты.
Куәгерлер мен құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, қауіпсіздік күштері елдің әр аймағында демонстранттарға оқ атқан. Билік интернет пен мобильді байланысты бұғаттаған.
23 қаңтарда Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи наразылықтар барысында 3117 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың 2427-сі — бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік қызметкерлері, ал қалғандары «террористер» деп аталды.
Алайда тәуелсіз құқық қорғау ұйымдары басқа деректер келтіреді. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency (HRANA) агенттігі қаза тапқандар саны 7000-нан асқанын, олардың басым бөлігі демонстранттар екенін хабарлады.