Иранда наразылыққа шыққандарға өлім жазасы қаупі төнді
Билік «мемлекетке қарсы соғыс» бабын қолдануға дайын
Иранда соңғы апталарда күшейген жаппай наразылықтарға байланысты биліктің талабы бұрынғыдан да қатаң сипат ала бастады. Елдің құқық қорғау органдары шеруге қатысқан азаматтарға қатысты ең ауыр баптардың бірін – «мемлекетке қарсы соғыс» деп саналатын "мохаребех" айыбын қолдану мүмкін екенін ашық мәлімдеді. Бұл бап Иран заңнамасында өлім жазасын көздейді.
Прокурордың қатаң мәлімдемесі
Тегеран қаласының бас прокуроры Али Салехи наразылық кезінде ғимараттарды өртеген, мемлекеттік мүлікті бүлдірген және күштік құрылымдармен қақтығысқа түскен азаматтар өлім жазасына дейінгі жазаға тартылуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай қадам «алдын алу және қорқыту» мақсатында жасалады.
Иранның қылмыстық заңнамасына сәйкес, мохаребех – ислам республикасының негіздеріне қарсы әрекет ретінде бағаланып, ең ауыр қылмыс саналады.
Наразылық неден туды?
Өазіргі толқулар экономикалық дағдарыс, инфляцияның өсуі, ұлттық валютаның құнсыздануы және әлеуметтік әділетсіздікке деген ашу-ыза салдарынан туындаған. Наразылықтар Тегеранмен шектелмей, елдің бірқатар ірі қалаларын қамтыған.
Куәгерлер мен құқық қорғаушылардың дерегінше, қауіпсіздік күштері шерулерді тарату кезінде күш қолданған, жаппай тұтқындаулар жүргізілген, кей өңірлерде интернет шектелген. Қазіргі мәлемет бойынша қаза тапқандар саны - 60.
Халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығы
Иран билігінің өлім жазасын қолдану туралы мәлімдемесі халықаралық деңгейде алаңдаушылық тудырып отыр. Адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл қадамды сөз бостандығы мен бейбіт жиналу құқығын өрескел бұзу деп бағалайды. Бұған дейін, 2022–2023 жылдардағы наразылықтар кезінде де мохаребех айыбымен бірнеше адам өлім жазасына кесілген еді.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдай Иран қоғамындағы шиеленісті одан әрі күшейтіп, билік пен халық арасындағы сенім дағдарысын тереңдетуі мүмкін.